Жасындай жарқыраған жастар
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев "Жалағаш құрамасы" жайдарман тобын қабылдады.
Ауданда болашақтың тірегі – жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Білім, өнер, спорт саласында аудан жастары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, түрлі байқауларда, байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Соның бір дәлелі ретінде – жаңадан құрылған «Жалағаш жастары» жайдарман құрамасының жетістігін айта аламыз.
Аудан басшысы топ мүшелерімен ашық сұхбат құрып, әрі қарай ауданда жайдарман ойындарын дамыту, жастарды тәрбиелеу жайында әңгімелесті.
Өз кезегінде жайдарманшылар аудан әкіміне алғысын білдіріп, сенім үдесінен шығуға уәде берді.
Айта кетейік, "Жалағаш құрамасы" жайдарман тобы "Қазақстан КВН одағы" РЖҚБ облыстық филиалының шешімімен 2017-2018 жылғы Жайдарман маусымы ойындарының "Үздік аудандық лига" номинациясына ие болған еді. Сондай-ақ, облыстық "Ақмешіт Жастары" газетінің 5 жылдығына арналған кубокты еншіледі. Осылайша, облыстық жоғары лига ойындарына жолдама алған болатын. Сатира саласында әзілдік әлі, қалжыңдық қуаты бар, айтқаны өтіп, атқаны тиетін жерлестеріміздің алдағы уақытта талай додада жеңіс тұғырынан көрінеріне сенеміз.
«ЖЖ» ақпарат.