» » Туған күніңмен, қызылорда!

Туған күніңмен, қызылорда!



Биыл ел жүрегі – Астананың 20, қасиетті Сырдың бас шаһары – Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойлары қатар келіп отырған ерекше жыл.


Сұлу Сырдың бойында орналасқан әсем қала – Қызылорда күн санап құлпырып келеді. Алашқа ана атанған аймақтың бас қаласы сырбойылықтар мақтан етер шаһар. Өйткені, Қызылорда тек облыс орталығы ғана емес, сондай-ақ, ғылым мен білімнің мекені, әдебиет пен мәдениеттің қайнаған ортасы, жеті ауданды бір жерге тоғыстырған күретамыр. Сүйікті қаламыздың негізі қаланғанына 200 жыл толды. Мерейтой қарсаңында мерекелік шараларға шолу жасап, қала тарихына тоқталғанды жөн көрдік.
Бүгінде қала көшелері кеңейген, жарықтандырылған, сымбатын арттырар гүлдермен көмкерілген. Ұлттық нақышпен әдіптелген оюлар, тіпті, ғажап. Әсіресе, әр жерге қойылған бағзы замандардың бейнесін беретін ескерткіштер өткен күндерден сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Құдды бір жұмақ мекен дерсің. Иә, бұл – біздің Қызылорда. Жаңарған, жасарған, ерекше кейіппен жасанған.
Қала мерекесі Тасбөгеттің 70 жылдығынан бастау алып, кент тұрғындары думанды дүбірдің куәсі болды. Мерейтой аясында әдеби-мәдени, спорттық шаралар мен түрлі фестивальдар өткізілуде. Жырсүйер қауым үшін ақындар айтысы ұйымдастырылды. Халық құмарта тамашалайтын ат бәйгесі мен түйе палуандар күресі де өтеді. Эстрада жұлдыздарының ән шашуы мен салтанатты шаралар да болады. Өз кезегінде аудандар да тарту жасап, қала тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Думанды шаралардың мұнымен бітпесі анық. Тек мұндағы кереметтерді көзбен көріп, жүрекпен сезіну қажет.
Қызылорданың 200 жылдығына орай, түрлі бағытта 40-қа жуық мәдени шара өткізілді. Облыс көлемінде 2 халықаралық, 2 республикалық, 3 облыстық және 20 қалалық шара ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда мерекелік іс-шараларды дайындау мен өткізуді, екі негізгі бөлімге бөліп, ұйымдастырылатын әрбір іс-шараға үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени, ардагерлер мен жастар бірлестіктерінің өкілдерін, мәдениет қайраткерлерін, еңбек ұжымдарын, бизнес-қоғамдастықты белсене тарту көзделуде.



Мереке аясында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Оның ашылуына ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова қатысты.
Сонымен қатар, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында салтанатты жиын өтті. Айтулы мерейтойға арналған шаралар эстрада жұлдыздарының қатысуымен орталық алаңда өткен «Қос ғасыр куәсі – Қызылорда» атты гала концертпен қорытындыланды.
Жалпы, 200 жылдық мерейтойлық шаралар жыл басынан бастау алды. Бұл шаралар тек қаланың өзінде ғана емес, қалаға қарасты елді мекендерде де ұйымдастырылуда.
Атынан айналайын, Ақмешіт, бүгінде ерекше қарқынмен дамып келеді. Соңғы деректер бойынша аймақта 800 мыңға жуық адам тұрады. Сылаң қаққан Сыр мен қарт Қаратауды, Қызылқұм мен Бетпақ даланы қабат қоныстанған облыс аумағы да кең. Оның жалпы көлемі – 226 мың шаршы шақырым. Бұл – бүкіл қазақ жерінің 8,3 пайызы. Еуропаның Австрия, Венгрия, Бельгия, Чехия, Швейцария сынды мемлекеттері облыс төңірегіне түгелдей сияды. Тіпті, алпапуыт саналатын Германия жері Қызылорданың аумағындай ғана екен.
Біз облыс аумағының кеңдігін ғана сөз еттік. Оның көркемдігін тілмен жеткізу, тіпті, мүмкін емес. Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аралық небір кереметтерге толы. Ал, енді Сырдың бас қаласы – Қызылорда жайында сөз қозғайық. Бұл қала Ақмешіт, Перовск, Қызылорда, секілді әр кезеңдерде әртүрлі атауға ие болған. Тарихи деректерге сүйенсек, 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский қоқандықтармен соғысып, жеңіске жетеді. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанды.
Сырдария өзенінің бойында орналасқан әсем қала жыл өткен сайын дами түсті. Ол 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болды. Астана болған сәттен бұл қала Қызылорда деп аталды. Әлі күнге дейін осылай аталып келеді. Астана мәртебесіне қол жеткізгеннен соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Орта және арнаулы оқу орындары бой көтерді. Тағы бір айта кетерлігі, ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттар өз жұмысын осы қалада бастаған.
Кеңес заманында қалада қатырма қағаз, аяқ киім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрикалар іске қосылды. Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орындары жұмыс істеді. Облыс көлемінде көптеген мектеп салынды.

Еліміз тәуелсіздік алған соң Қызылорда өз дамуын тоқтатқан емес. Бүгінде халықтың әл-ауқаты артып, қаланың аумағы кеңейіп келеді. Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Аймақта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік және Болашақ университеттері мен бірнеше колледждер жұмыс жасауда. Олардан білім алған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет атқаруда. Қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары салынды. Бүгінде облыс даму қарқыны бойынша еліміздегі көшбасшы аймақтар қатарына қосылды. Әртараптандыру шаралары белсенді түрде жүргізілді. Нәтижесінде аймақ экономикасының жаңа құрылымы қалыптасты. Тұрғын үй құрылысы бойынша да ауыз толтырып айтарлық жаңалық жеткілікті. Тіпті, Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қаланың іргесі бой көтеруде. Облыс аграрлық аймақтан индустриалды-аграрлық өңірге айналды. Соңғы жылдары 30-дан астам жаңа мұнай кеніштері ашылды. Уран өнеркәсібі дамытылуда. Әлемдегі ең ірі ванадий кенішінің бірі – «Баласауысқандық», алтын, басқа да бағалы кен орындарын игеру қолға алынған. Әлемдегі ең ірі қорғасын-мырыш кен орны – «Шалқияның» жұмысы қайта жанданды. Шикізаттық емес секторды дамытуға да ден қойылған. Қазір тамақ, құрылыс және химия өнеркәсібін дамыту бойынша жұмыстар атқарылуда. Облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары өңір әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.


Әзиз БАТЫРБЕКОВ.

29 қыркүйек 2018 ж. 2 828 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930