Абай Тасболатов: Елбасы Жолдауын – халық боп қолдау...
Кеше ғана жарияланған Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын зиялы қауыммен бірге Ақорданың үлкен алқалы залында тыңдадым. Жолдаудың он бойында елімізде атқарылып жатқан оң өзгерістер айтылып, алда атқарылатын жұмыстарға жан- жақты тоқталды.
Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы ел тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айтарлықтай арттыру және табыс пен тұрмыс сапасын арттыруға арналған аса маңызды құжат болып табылады. Елбасымыз мемлекетіміздің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы адам дамуының өсуі - ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалы жақсаруына қатысты айтқан ақпараттары мені қатты қуантты. Әрине, жалақы деңгейінің өсімі. Мемлекет басшысы екі қолға жұмыс таба алмай жүргендерге басты назар аударуды ұсынды. Әсіресе, мүгедектер, жәрдемақыға өмір сүріп келе жатқан және өзге де жандарға жұмыс беру қажеттігіне тоқталды.Бұл сауалдар біздің өңірлерге шыққан сапарымызда ұдайы көтеріледі. Сонымен қоса, елімізде іске асып жатқан «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының қолдану мерзімі 2025 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жариялау, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу, «Мәңгілік Қазақстан» жобасы бүгінгі күннің басты қағидасына арналған құжат ретінде Елбасымыз жолдауда еліміздің барлық азаматтары мен мемлекеттік органдарының басты назарында болып көңіл аударатын мәселелерге тоқталды. Бұл дегеніміз 22 мың жаңа жұмыс орнын ашып, адамдар жұмыстармен қамтылады деген сөз. Бұл өте орынды ұсыныс деп санаймын. Демек, депутат ретінде алдағы жылдарда қолға алуды жоспарлап отырған іс-шаралардың ішінде «Педагог мамандардың мәртебесі туралы» арнайы заңды әзірлеп отбасы мүшелерінің мүдделерімен қатар, осы сала зейнеткерлерінің әлеуметтік жағынан қорғалуына барынша назар аударылғаны қуантады. Бұған қоса Елбасымыздың Жолдауда айтып кеткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болуы, 2019 жылды еліміздің ертеңі Жастар жылы деп жариялауы, халқымыздың денсаулығын сақтау, «Ауыл- Ел бесігі» жобасының іске қосылуы, «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери- патриоттық тәрбиенің ролін күшейтуге уақыт келгеніне тоқталды. Спорт ойындарына үлкен мән беріп, елдің жаппай спортпен шұғылдануға шақыру мақсатында Үкімет пен әкімдерге елімізде кем дегенде 100 дене шынықтыру –сауықтыру кешенін салуды тапсыруы орынды көтерілген пікірлер деп толық айта аламын. Кезінде өз туған жерім Қызылжарда Облыс әкімі Е.Х. Сұлтановтың қатысуымен өткен спорт кешенінің ашылуында қатысып, жас спортшылар мен спорт ардагерлерінің дер кезінде салынған спорт кешенінің елге пайдасын тигізіп жатқанын есту салтанатына ие болдым. Спортшылардың көздерінде жалын ұшқындап болашақ чемпиондарының өсіп келе жатқанына куә болдым. Барлық облыстарда осындай жұмыстар атқарылып спорт кешендері салынуда. Дегенменде бір әттеген-айы кез келген халықтың қалтасына тиімді болып елдің жалпы спортпен айналысуына бағаның қымбаттығы өз әсерін тигізуде. Ойымды қорыта келе, елдің әлеуметтік көмекті қажет ететін арнайы топтарына, зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларына, мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне арнайы жеңілдіктер қаралып бағасының қол жетімді қылу бағытында бірқатар шараларды жүзеге асыру қажеттігі көрінуде. Міне, депутат ретінде бұйыртса, осы жолда еңбек етпекпін. Өйткені Жолдауда айтып кеткен «Мәңгілік ел»де тұратын халық денсаулығын күшейтуге және жастармен патриоттық жұмыс жүргізуді анағұрлым жандандыра түсуге ықпал ететіні анық. Бұған қоса, 2006 жылдан 2015 жылдар аралығында Қоян–қолтық ұрыс (жекпе-жек, рукопашный бой) федерациясының президенті лауазымын абыроймен атқарып, көптеген жасөспірімнің өмірлік қадамына бағыт-бағдар беріп ыстық ықыласына бөлендім. Ал 2015 жылдан осы кезеңдер аралығында Қазақстан бойынша белбеу күресінің президентімін. Шындығында, мен жекпе-жектен шебер емеспін, бірақ көздеп ату, жүгіру және суға жүзу (троеборье) секілді спорт түрлерінен спорт шеберімін. Дегенмен Белбеу күресі федерациясын басқарғаныма қуаныштымын және бұл істі депутат болған соң да одан әрі жалғастырудамын. Ерекшелігі сол, бұл - спорттың ең мықтылар айналысатын түрі. Ал бұл - күш құрылымдары үшін мамандар дайындауда және жастарға патриоттық тәрбие беруде таптырмайтын спорттық дайындық түрі. Әсілінде, денешынықтыру мен спортты жан-жақты әрі тиімді дамыту - біздің мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық саясатының маңызды әрі құрамдас бөлігі болып табылады. Мысалы, әскерге жаңадан шақырылған жастардың арасында оның дене бітімі мен рухани біліктілігін қалыптастыру, өскелең жас ұрпақты спортпен айналысуға бейімдеу - азаматтық борышты өтеудің бастапқы жылында барынша көкейкесті мәселе. Жалпы алғанда, жас жігіт үшін өмірдегі ең күрделі сынақ, бұл - азаматтық борышты, яғни әскери міндетті өтеуге дайындық екендігі даусыз. Мұның бір ерекшелігі, әскерде алуан түрлі спорт үйірмелеріне қатысу, салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау, сан түрлі спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру, бәрі-бәрі мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады. Сондықтан да жергілікті жерлердегі мектептерде әрбір жасөспірімге бастапқы әскери дайындықтың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, Отанды қорғай білу мен әскери қызметке дайын болудың алғы шарттарын олардың бойына сіңіру қажет. «Жаны саудың, тәні сау» деген халық даналығы осындайда айтылған болса керек. Бұл ретте Қазақстан Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың спортқа қатысты айтқан нақыл сөздерімен аяқтағым келіп отыр... «Спорт-адам тәнін ғана емес жанында шынықтырады. Мен жас кезімде спорттың классикалық күрес түрімен шұғылдандым, ол есейіп елге қызмет атқарған кезеңдерде көп көмегін тигізді. Күрес адамның ерік жігерін нығайтып, алға қойған мақсатқа жетелейді. Өмір тұнып тұрған күрес. Сондықтан мен барлық қазақстандық жастарды спортпен шұғылдануға шақырамын. Қазақстандық өскелең ұрпақ физикалық тұрғыдан күшті, танымдық жағынан бай болу керек». Бұл әрбір азаматқа үлгі-өнеге болуы тиіс -деп ойлаймын. Міне, осындай іс-шараларды жүзеге асырған жағдайда ғана жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті дарыта аламыз. Бүгінгі күннің басты талабы да міне - осы! Абай ТАСБОЛАТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты