Ақмешітте әуелеген ән кеші
Астананың – 20, Қызылорданың 200 жылдық мерейтойларына орай облыстағы А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде Жалағаш ауданының мәдениет және өнер күні өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, аудан өнерпаздары әзірлеген концертті тамашалады.
Халықтың тегін, ұлттық сипатын танытатын үш нәрсе бар. Ол – тарих, әдебиет пен өнер. Осы үшеуімен өнегеміз өрбіп, тарихымыз тереңнен сыр шертіп, мәдениетіміз өркендей бермек. Тарихы тереңге тамыр тартқан Жалағаш топырағы да талай шайырлар мен дүлдүлдерді дүниеге әкелген құтты мекен. Ақ күріштің анасы, ән мен жырдың арқауы да осы өңір. Қарттары қазыналы, жастары жалынды, ынтымағы жарасқан киелі жер.
Мерейлі мереке «Тарихы шежіре, мәдениеті озық, бірлігі мен берекесі бекем, киелі мекен – Жалағаш» атты көрмеден бастау алды. Оған музейдегі құнды заттар, Жент қаласынан табылған жәдігерлер, Бұқарбай батырдың бұйымдары, қару-жарақтар коллекциясы, тұрмыстық бұйымдар, жергілікті суретшілердің картиналар коллекциясы қойылды. Сондай-ақ, кітап көрмесінде туған жердің тұғырлы тұлғаларының, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, батыр, билердің, алғашқы және қазіргі астанамыз туралы еңбектер мен аудандық оқушылар үйінің қолөнерлері орын алды.
Айтулы шара аудан өнерпаздары дайындаған «Жалағаш жырдың мекені» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік кеш шымылдығы «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің орындауында Қойшыбек Кәрібаевтың «Жалағаш жырдың мекені» әнімен ашылды. Мұнан соң аудан өнерпаздары Ж.Көпжасаров пен Р.Бурабай күй айтыс, «жігер» этно тобы «Дала сазы» композициясын, вокалды-аспапты ансамбль және жеке дауыстағы әншілер Біржан салдың «Ләйлім шырағын», Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлауын», Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештерін», жергілікті ақын-сазгер Айкүміс Орынбаеваның «Жалағашым» және Мақсат Жәутіковтің «Қазақ елі – мәңгілік ел» әнін орындады. Сондай-ақ, «Алтын-Арай» ән-би ансамблінің бишілері, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері, балалар хор ұжымы өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаштың асқақ айбарымен төрткүл дүниені тамсандырған ару Астананың 20 жылдығы, бағзы заманнан әлем өркениеті тарихына айналған, алғашқы айбынды астана, ұрпақ мақтанышына айналған қасиетті өлке – Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арнаған аудан өнерпаздарының тартуы Жалағаш жерінің ән мен жырға бай, мәдениеті қалыптасқан өнер ордасы екенін дәлелдеді. Шара соңында облыс әкімінің ықылас гүлі ұсынылып, мерекелік отшашу жағылды.
Ақмешіттің аспанын әнге бөлеген кешке келген жұртшылық көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ,
Н.ҚАЗБЕКОВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).