ЖАСТАРДЫҢ ҮЗДІК ЖОБАЛАРЫ ЖҮЛДЕЛІ БОЛДЫ
«Кәсіпкерлер үйінде» облыс жастарының арасында «Байқоңыр Start-up 2» бизнес-идеялар конкурсы өткізілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Конкурсқа 18 бен 29 жас аралығындағы 70 жас қатысып, бақ сынасты.
Нәтижесінде жүзден жүйріктер анықталып, үздік жобалар марапатталды. Жүлделі бірінші орынды Қызылорда қаласынан Дастан Айтбайдың «Инновациялық құлаққап «Safe headphones»» жобасы жеңіп алды. Оған арнайы диплом мен 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Дастанның жобасы көпшілікті таңғалдырды. Ол шағын дүние арқылы адам өміріне төнетін қауіптің алдын алды. Қазір жастар арасында құлаққап тұтыну сәнге айналған. Оны көшеде кездескен екінің бірінің құлағынан байқауға болады. Дастан құлаққап ішіне қауіпсіздік сигналын орнатқан. Көлік, жол көлік қызметкерлерінің, жедел жәрдем көліктерінің сигналы іске қосылғанда құлаққаптағы әуен автоматты түрде тоқтайды. Мұндай құлаққап 15 метр қашықтықта көліктің дабылын қабылдап, музыканы ажыратуға қабілетті. Жас дарынның айтуынша, қазіргі кезде облыс әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-мен бірлесіп жұмыс жасауға ұсыныс түскен. Осы жобаны әрі қарай дамытып, іске асыру мақсатында. Бүгінде мұндай құлаққаптың бір данасы ғана жасалған. Енді бірлесіп жұмыс жасау барысында оны қолданысқа енгізбек. Ал, екінші орынды қызылордалық Шыңғысхан Сәдуовтің «Жарнама бизнес-идеясы» мен Сырдария ауданынан Өмірзақ Есболатовтың «Сауықтыру орталығы» жобасы еншіледі. Олар 200 мың теңгенің сертификатына қол жеткізді. Үшінші орын «Тігін цехы» жобасының иегері шиелілік Гүлнұр Үдербаеваға, «Логистикалық орталық «Logo Center» жобасының авторы Уәлихан Тасқара мен «Кішкентай ханымдар» мектебі» жобасын ұсынған Ақбота Базарбайға бұйырып, 100 мың теңгелік ұтысқа ие болды.
Қалған қатысушыларға Алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы табыс етілді.
Сара Адайбаева,
"Сыр бойы".