» » «ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

«ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

ÐаÑÑинки по запÑоÑÑ Ð¶Ð°ÑÑл Ñкономика
Апта басында Ақмешітке әлемнің түкпір-түкпірінен бизнес қауымдастықтары мен қаржы институттарының өкілдері келіп, Х «Baikonur invest» Халықаралық инвестициялық форумында бас қосты.
Делегаттар форумның алғашқы күнінде Сыр өңіріндегі бірқатар тарихи жерлерге саяхаттап, өткен ғасырдан сыр шертетін киелі орындарды аралады.
Айта кеткен жөн, «Baikonur invest» инвестициялық форумы аймақ экономикасының өркендеуіне үлкен септігін тигізуде. Тұрақты түрде ұйымдастырылатын игілікті шара нәтижесінде облысқа түрлі қаржы ұйымдарынан қомақты инвестиция тартылып, жаңашыл жобаларға серпін беріп отыр.
Халықаралық форумның келесі күні «Жасыл» экономика – өңір дамуының жаңа бағыты» тақырыбында пленарлық отырыспен жалғасты. Басқосуға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, сонымен бірге, халықаралық және отандық бизнес құрылымдары, қаржы институттары, корпорациялар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты. Онда аймақ басшысы 5 жыл ішінде инвестициялық форум табысты әріптестік орнату алаңына айналғанын атап өтті. Ал, осы жолғы пленарлық жиынның «жасыл» экономика мәселесіне арналуы бекер емес. Баламалы энергетиканы дамыту жөніндегі ауқымды міндет Мемлекет басшысының Жолдауында айқын көрініс тапқан.
Әлемдік тәжірибеге арқа сүйеген Сыр өңірі бүгінде дамудың жаңа жолын таңдады. Ол – энергия үнемдеуші технологияны қолданысқа енгізу, энергия тұтыну көлемін төмендету, мейлінше баламалы қуат көздерін пайдалануға көшу. Осы орайда облыс бойынша күннің жарқырау ұзақтығы орта есеппен жылына 3 мың сағаттан асатынын айту орынды.
– Келесі жылы біз 4 ауданда жалпы қуаттылығы 140 МВт болатын 4 күн электр станциясын салуды бас­таймыз. Одан бөлек, Сырдария өзеніндегі «Ақлақ» гидротехникалық құрылғысы қуаттылығы 20-25 МВт-ты құрайтын гидроэлектр станциясын салуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Қазіргі күні мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қызылорда қаласында жылына 60 мың тонна қоқыс сұрыптайтын кешен құрылысының жобасы қолға алынды. Осы орайда облыс әкімі ынталы инвесторларды құрылыс жұмысына қатысуға шақырды. Айта кетейік, бүгінде өңірде екіжақты әріптестікке сәйкес құны 37 млрд теңгеден жоғары 75 жоба жүзеге асырылуда.
Басқосуда Франция ұлттық ассамблеясының депутаты, «Франция-Қазақстан» достық тобының президенті Пьер Кабарэ, Франция Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик және тағы басқа баяндамашылар тәжірибе бөлісіп, форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
– «Total Еren» француз компаниясы қазақстандық серіктестермен бірлесіп Жалағаш ауданында күн электр с­­­­танциясын дамытуға міндеттеме алды. Жұмыс алдағы аптада басталып, келесі жылдың қазан айына дейін жалғасады, – деді Ф.Мартинэ.
Сонымен қатар, форум аясында «жасыл» эконо­миканың негізгі 7 бағытын қамтитын 4 секцияның жұмысы ұйымдастырылды. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды қолданысқа енгізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, цифрландыру, агроөнеркәсіп кешеніндегі «жасыл» технологиялар мен су, жер ресурс­тарын басқару жүйесін жетілдіру, «жасыл» экономиканы дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдану мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, B2B, B2G, G2G форматындағы іскерлік кездесулер экономикалық ынтымақтастық орнату алаңына айналды.
Айта кетейік, еліміз «жасыл» экономикаға өту жолын осыдан 5 жыл бұрын бастады. Сол уақытта арнайы тұжырымдама қабылданып, негізгі жұмыс бағдары анықталған еді. Осы жылғы форумның тақырыбы – «Жасыл» экономика – аймақ дамуының жаңа бағыты» деп аталуының да өзіндік себебі бар. Бұл орайда, отандық инвесторлармен қатар шет мемлекеттердің бизнес өкілдері де аймақтың мүмкіндіктерін жоғары бағалап, келешегіне зор сеніммен қарайды. Келелі басқосуда сөз алған бизнес өкілдерінің пікірлері осыған саяды.
Жалпы, форумда баламалы қуат көзін пайдалану, сондай-ақ, ауыл шаруашылығында, су ресурстарында, қоқыстарды өңдеу бойынша және басқа салаларда жаңа технологияларды игеру, «Жасыл кластер» құруда аймақтың әлеуетін пайдалану жан-жақты талқыланды. Бизнес қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар пысықталып, инвестиция құюға ниетті жандармен ынтымақтастық нығайды.
Жиын қорытындысында облыс үшін маңызды жобаларға байланысты өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Мұның ішінде француз компаниясының Жалағашқа күн электр станциясын салу жөніндегі жобасы да бар. Жоба сәтті жүзеге асса, ең алдымен, өңірдің экономикалық дамуына оң ықпалын тигізері сөзсіз. Өзгеге тәуелділіктен арылып, тариф бағамын реттеуге де мол мүмкіндік болғалы тұр.

Н.ҚАЗБЕКОВ.
08 желтоқсан 2018 ж. 755 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930