Берері мол орталық
Жуырда мәдени-рухани ақпарат көздері болып саналатын аудандық кітапханада заманауи үлгідегі "COWORKING" орталық ашылды.
Жалпы, "COWORKING" дегеніміз – бірлесіп жұмыс жасау дегенді білдіреді. Жобаның басты мақсаты жастардың ақпараттық қажеттілігін жедел қанағаттандыру, кітапхана жүйесінің заманауи үлгісін құру болып табылады. Мұнда жастар табысты жұмыс жасауға, жаңа достар табуға, компьютермен жұмыс жасауға, Рабис бағдарламасы аясында электронды каталогты тиімді пайдалануға және шығармашылық қабілеттерін арттыруға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, бұл жерде іскерлік кездесулер, пікірталастар, клубтар, тренингтер ұйымдастырылатын болады. Ең маңыздысы – "COWORKING" орталық қызметінің тегін болуы. Бұл жоба арқылы мектеп оқушыларының бос уақыттарын тиімді пайдалануына, қолы бос жастардың рухани азық алып, жаңа технологияларды меңгеруіне септігін тигізеді. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов жастар үшін пайдалануға беріліп отырған орталықтың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл орталықтың ашылуы ауданымыз үшін жағымды жаңалық болды.
Сондай-ақ, шара барысында кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Роза Ералы, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ерхан Бақбергенұлы рухани ордада орналасқан бұл орталықтың аудан жастарына берері мол екенін атап өтті.
Мұнан соң шараға қатысушылар оқырман қауымға жаңа мүмкіндіктер қарастырылған орынның жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Ұлмекен Меңдібаева алдағы уақытта жастар ресурстық орталығы мен бірлесіп түрлі тақырыптарда семинарлар, тренингтер, пікірсайыстар және де басқа мәдени іс-шаралар өткізілетін жеткізді.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).