«Карлаг» тарихының құжаттары сандық жүйеге көшіріле бастады
Қарағандыда «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Карлаг цифрлық форматта» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бойынша «Карлаг» мұражайының құнды құжаттары сандық форматқа көшіріліп, ғаламторда қолжетімді болмақ, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Қарағанды облысының Долинка елді мекеніндегі «Карлаг» саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының тарихи құжаттары сандық жүйеге ауыстырылуда. Болашақта кез келген ниет білдіруші ғаламтор желісіндегі Орталық кітапханалық жүйесінің сайты арқылы «Карлаг» мұражайының құнды құжаттарымен, тарихи материалдарымен таныса алады. Аталған жобаны «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында Шахтинск қаласының кітапханашылары жүзеге асыруда.
«Арнайы осы мақсатта жоғары жылдамдықта жұмыс істейтін сканер сатып алдық. Сканердің құны – 10 млн теңге. Ол бір бет мәтінді 0,3 секунд ішінде жоғары сапамен электрондық нұсқаға ауыстыра алады. Жабдықтарды сатып алу мүмкіндігі «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында мүмкін болып отыр. Біз «Рухани қазына» қосалқы бағдарламасы бойынша «Карлаг цифрлық форматта» жобасын құрып, жұмыс жасап жатырмыз», - дейді Шахтинск қаласындағы кітапхана директоры Ирина Калинина.
Оның айтуынша, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайындағы материалдарды сандық нұсқаға ауыстыруды кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
«Бірінші кезеңде электрондық форматқа шамамен 400 кітап және газет басылымдарын ауыстыру жоспарланып отыр. Мұражай қорында өткен ғасырдың 30-шы жылдарында латын қарпінде жарық көрген «Жаңа жол» және «Путёвка» газеттері бар. Осы басылымдар да сандық форматта қолжетімді болады. Келесі кезекте тарихи құжаттар сандық нұсқаға көшірілетін болады. Оның ішінде НКВД бұйрықтары, қуғынға ұшырағандардың хаттары және т.б. құнды құжаттар бар. Осылайша аталған құжаттарға кез-келген ниет білдіруші Орталық кітапханалық жүйе сайты арқылы қол жеткізе алады», - дейді кітапхана директоры.
Сондай-ақ, 2019 жылы «Цифрлық форматтағы кітапхана» жобасы іске асырылмақ. Жоба аясында Шахтинск кітапханасындағы сирек кездесетін және ескі басылымдар, сонымен қатар өлкетану материалдары электронды нұсқаға көшіріле бастайды.
«Біздің кітапханамызда құнды әдебиеттер бар. Мысалы, 1897 жылы басып шығарылған «Передвижники» кітабы, оның таратылымы әлем бойынша небары 100 дананы құрайды. Осы сияқты әдеби басылымдар сандық нұсқаға ауыстырылады», - деді Ирина Калинина.