Байыпты бастама – бағдарлы бағыттың негізі
Облыс тайқазанында тұрақты өсім қалыптастыру жолында сырбойылықтар тындырымды еңбек етіп, жарқын жобалардың жүзеге асуына жұмыс жасады. Соңғы үш жылда Қызылорданың республикадағы ең қарқынды дамыған 5 аймақтың қатарынан табылуы да – үлкен еңбектің жемісі. Өңірде өндірістің өркен жаюы жергілікті халықтың әлеуетін көтеруге сеп болып, аймаққа қыруар қаржы тартылды. Мәселен, соңғы 5-6 жылда облыс экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылса, Өткен жылдың өзінде инвестиция көлемі 25,5 пайызға артты. Өнеркәсіп саласында да 2013 жылдан бері 70-тен астам жаңа өндіріс орны жұмысын бастады. Аталған саладағы еңбек өнімділігі өткен жылдың өзінде 25 пайызға өсім алды.
Қыруар қаржының көптеп тартылуы өңдеу саласындағы өнім көлемінің де артуына үлкен қолдау болды. 2013 жылмен салыстырсақ, былтыр бұл саладағы өңделген өнім көлемі 31,6 пайызға артқан. Соңғы үш жылда өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі де 2,3 есеге ұлғайып отыр. Нәтижесінде, өңірлік өнім құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2 есеге өсті. Бұл аймақтар арасындағы экономика құрылымын өзгерту қарқыны бойынша ең үздік көрсеткіш болып табылады.
Облыста осыдан 5-6 жыл бұрын аймақ экономикасында серпін қалыптастыру мақсатында ірі кәсіпорындардың жобасы әзірленген болатын. Кейін құрылысы қаланған нысандардың бірқатары уақытынан бұрын жұмысын бастады. Олардың қатарында өткен жылы іске қосылған Шиелі ауданындағы тампонажды цемент зауыты бар. Бұл кәсіпорынның да негізгі мақсаты экспортқа өнім шығару болатын. Қазіргі таңда зауыт 11 мың тоннадан астам цемент өндіретін клинкер шығарып үлгерді. Ал, сәуір айынан бастап кәсіпорын цементтің өзін дайындап, экспорттауды көздеп отыр. Алып нысанды өткен аптада Шиеліге жол түскенде көріп қайттық. Ойлап қарасақ, осыдан 10-15 жыл бұрын Сыр бойында мұндай ірі кәсіпорындар құрылысы қаланбапты. Қазір кәсіпкерліктің өркендеуіне жағдай жасалып, ірі жобалар іске қосылуда. Биыл шыны зауыты да алғашқы өнімін нарыққа шығарады деп күтілуде. Сондай-ақ, Қармақшы ауданындағы құс фермасы да осы жылы жұмысын бастайды. Кәсіпорын жылына 1500 тонна құс етін өндіруді көздеп отыр.
Аймақта жұмысын енді бастайтын ірі кәсіпорындар да жоқ емес. Бұйыртса, құрылысы қаланып жатқан нысандар да жұмысын бастаса, әлеуеті артқан өңірдің экономикасында өсім серпін алары сөзсіз. Жарқын жобалардың Сыр бойында жүзеге асуы мұнымен тоқтап қалмайды. Биыл көктемде тағы да екі алып кәсіпорынның құрылысы қаланады. Яғни, Тұзды қайта өңдейтін зауыт пен жылына 5 мың тонна өнім шығаратын ет комбинатының жобасын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынады.
Біз осындай ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы бір жағынан импортқа тәуелділіктен арылсақ, келесі кезекте өңір әлеуетін арттыруға қол жеткіземіз. Соңғы 5-6 жылда аймақта жүзеге асып жатқан барлық жұмыс түптеп келгенде қаржыға келіп тіреледі. Ал, ол қаржы көздері қайдан келеді? Әрине, әлеуеметтің әлеуетін көтеруге де аймақтың ажарын айшықтауға да жұмыс жасайтын осындай кәсіпорындар. Сондықтан, мұндай нысандардың бір ғана облыста осынша көптеп бой көтеруі сырбойылықтарды қуантады. Сондықтан, жарқын жобалардың болашағына сеніммен қарап, еңбекті еселеуге жұмыс жасау – бүгінгі күннің талабы. Ал, сол талапты қызылордалықтар өз-өзіне қою арқылы осынша жетістікке жетуде.
К.БАЛҒАБАЙ.