ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАСИЕТТІНІҢ ІСІ

Шараға аудан әкімінен бастап, барлық деңгейдегі басшылар мен кәсіпкерлер және шаруашылық төрағалары қатысты.
Игі шарада аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев сөз сөйлеп, жылы лебіз білдірді.
– Қандай да бір заман болмасын дана халқымыз әлеуметтік көмекті қажет ететін азаматтарымызды естен шығарған емес. Қазақ – жетімін алақанына алған, жесірін бауырына басқан, тұрмысы төмен азаматын қажытпаған, мүмкіндігі шектеулі адамдарын жасытпаған текті ел. Мемлекет басшысының ел азаматтарының табысын ұлғайту және тұрмыс сапасын жақсартуға байланысты берілген тапсырмасына сәйкес облыс бойынша қайырымдылық акциялары өткізілуде. Қайырымдылық – біздің адами құндылығымыздың бастауы деп білемін. Олай болса, қамқорды қажет ететін азаматтарға қол ұшын беріп, ұйымдастырылып отырған акцияға белсене қатысуға шақырамын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев пен аудандық “Иманқұл” мешітінің бас имамы Айбек Мәдиев сөз сөйлеп, қайырымдылық шараларының маңызына тоқталды.
Акция барысында әлеуметтік қолдау шаралары үшін қаржылай көмек көрсетуге арнайы жәшік қойылды. Қайырымдылық іс-шарасынан түскен 2 млн 500 мың теңгеге арнайы комиссия тұрмысы төмен, аз қамтылған 120 отбасына азық-түліктей көмек көрсетілді.
Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.