» » СҮЛЕЙМЕН ПАТША ДА ҚҰМАНМЕН қолға СУ ҚҰЙҒАН

СҮЛЕЙМЕН ПАТША ДА ҚҰМАНМЕН қолға СУ ҚҰЙҒАН

Бүгінде әлеуметтік желінің өмірімізге дендеп араласқаны сонша, тіпті, өзіміз бастап ашып қарайтын жағдайға жеттік. Түрлі хабарламалардан бөлек тағылымды дүниелер де келіп жатады. Соның бірі қазақтың кісі қолына су құю әдеті қайдан шыққандығы туралы екен. Көңілге қонымды дүниені газет арқылы оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік.
Қазақ халқында үйге қонақ келгенде жас баланың қолына құман беріп, мойнына сүлгі асып, ас ішердің алдында және астан соң қонақтардың қолына су құйғызатын дәстүр бар. Аңыз бойынша бұл дәстүр Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі. Бір қолға құман, бір қолға леген ұстап, мойынға сүлгі асып, қолға су құясың. Оның да өзінің тәртібі бар. Үлкендер «Су етектен, бата төрден» деп, оң жақтан бастап құю керектігін айтады. Оның үстіне бір қолыңмен шүмегін ұстап тұруың қажет. Бұрынғылар «сарылдатпа, үзіп-үзіп үш рет құй, төртіншісін қонақ сұраса ғана құй», – деп бақылап тұратын. Суды бұлай құюдың да өзіндік себебі бар екен. Әдетте, қайтқан кісінің денесін жуындырып, мейрам суын құйған кезде ғана ожаудағы суды таусылғанша үзбей құяды.
Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айрылған соң қайғыдан қан жұтады. Ұлық Алла оны жұбату үшін оған тағы бір ұл сыйлайды. Дәуіт ұлды болардың қарсаңында Жебірейіл періште уахи әкеледі.
– Әй, Дәуіт! Ұлық Алла саған бір ұл нәсіп етеді. Бірақ, шарты сол, ол баланың қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Осыған ризасың ба? – дейді. Дәуіт іштей қынжылса да: «Жаппар иемнің әміріне не қылса да, ризамын», – деп келіседі. Көп ұзамай Дәуіт ұлды болып, есімін Сүлеймен қояды.
Дәуіт патша болғандықтан, оның са­райы­на күн сайын жүздеген адам қонаққа келеді екен. Сол кезде жеті жасар Сүлейменді бір қолына құман, бір қолына сүлгі ұстатып, сарайдың алдында қызметке қояды. Бала күні бойы кірген-шыққан қонақтардың қолына су құйып, алғысын алады. Оның адал қызметіне риза болған қонақтар:
– Ғұмыр жасың ұзақ болсын!
– Құдайдың сүйікті құлы бол!
– Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін!
– Әділ патша бол!
– Екі дүниенің сырын біл!
– Дұшпаныңа қатал, досыңа адал бол!
– Ғалым бол! – деп, тоқсан тоғыз түрлі тілек айтып, бата береді екен. Арада он бес жыл өтеді. Сүлейменнің бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайып, ойы да, бойы да өсіп, азамат болып ер жетеді.
Бір күні Дәуіт Ұлық Аллаға:
– Уа, Алла, маған ұлыңның қызығын тоғыз жыл ғана көресің деп едің. Бұл не хикмет? – деп сұрайды. Ұлық Алла:
– Рас айтасың. Сүлейменнің пешенесіне тоғыз жылдық ғұмыр жаздым. Бірақ, зерек ұлың қонаққа қызмет етуден шаршамады. Ақсақалдардың батасын алуға құмар болды. Күн сайын адамдар оған менің 99 есімімді айтып, шын жүректен алғыс жаудырып, батасын береді. Көптің алғысымен оның ғұмыр жасы ұзарды. Менің бір есімім – Халық. Халықтың тілегін қабыл етпеу ұлықтығыма сын болар. Бүгіннен бас­тап Сүлейменге 99 түрлі мұғжиза берем. Жердегі бүкіл тау-тас, аң-құс, он сегіз мың ғаламға патша қыламын, – деді. Содан бас­тап Сүлейменге дарымаған керемет қал­мапты деседі.
Осыған орай «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі Сүлеймен» деген сөздер ел арасына таралыпты. Қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп: «Үлкен кісілердің батасын ал», – деп су құйғызады. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген тәмсіл сөз Сүлейменнен қалса керек.

А.БЕК.

06 сәуір 2019 ж. 1 380 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930