» » Бұқарбай батырдың қылышы қаз-қалпында

Бұқарбай батырдың қылышы қаз-қалпында

Тақырыпты оқыған адам “олай болуы мүмкін емес” деуі ықтимал. Бірақ, батыр бабамыздың қылышы әлі күнге дейін қаз-қалпында екен. Оған Бұқарбай батыр атындағы тарихи үйге барғанда көзіміз жетті.
Атақты Кенесарыхан бастаған көте­ріліске алғашқылардың бірі болып қатысқан Бұқарбай батырдың есімі көпке белгілі. Тіпті, бүгінде ел арасында аңыз болып айтылып та жүр. Газеміздің 85 жылдығы қарсаңында ауылдарды аралап, оқырмандармен кесдестік. Сондай кездесулердің бірінде Бұқарбай батыр ауылындағы сол кісіге арналған музейге бас сұққан болатынбыз.
Тарихи үйдің экскурсоводы Мереке­ Әбілдаева Бұқарбай батыр туралы­ мәлі­мет­термен бөлісті. Оның батыр болғанын, Кенесарының қолына қосылып, ел үшін шай­қасқанын жеткізді. Тіпті, егде тартқан шағында арық қаздырып, еңбек еткенін де тілге тиек етті.
“Бұқарбай Естекбайұлы 1822 жылы Жалағаш жерінде дүниеге келген. Әкесі Естекбай көпке дейін балалы болмапты. Әулие жағалап, Алладан тілеп жүргенде түсінде “Саған он ұл берейік пе, әлде он ұлға татитын бір ұл берейік пе?” деген аян келеді. Естекбай бабамыз он ұлға татитын бір ұлды құп көреді. Бұл аян Бұқар қаласында келгендіктен баласының атын Бұқарбай қояды. Ол батырлығымен, шешендегімен елге белгілі болады”, – деді музей қызметкері.
Батыр жайлы жұртшылық жақсы біледі деп ойлаймыз. Сол себепті, тақырыпқа арқау еткен қылыш жайлы айтқанды жөн санадық.
Бұқарбай батыр кәдімгі қайқы қылышты пайдаланған екен. Біз музей экспонатын өтінішпен тұрған жерінен алдырып, қолымызбен ұстап көрдік. Шірімеген де, тот баспаған да, құдды бір кеше ғана қолданып, бүгін мүзейге өткізілген дүние секілді. Тіпті, жүзі майырылмаған. Сабынан ұстағаннан кесуге, шабуға арналған қару екені көрініп тұр.
Мереке Алдабергенқызы бұл қылышты Бұқарбай батырдың шөбересі Жоламан Алданазаров өткізгенін айтты. Жүзінің бас жағы, яғни, адамды шауып түсіруге арналған тұсы жиі-жиі қайраққа түскендіктен болуы керек, әйтеуір аздап ойыңқы секілді көрінді. Ол ағаштан жасалған қында тұр. Қынның қылыш салатын бұйым екенін ойлы оқырман жақсы білуі керек. Оның сырты былғарымен қапталған. Ешқандай ою-өрнектің ізін байқамадық. Болаттан жасалғаннан соң бұл қарудың әжептеуір салмақты екені қолға ұстағаннан көрініп тұр.
Қасиетті Жалағаш жерінде бұдан да басқа қаншама құнды заттар бар. Алдағы уақытта біз оқырман қауымға бабалар тұтынған, тарихи тұлғалар ұстаған заттардың қыр-сырын айтатын боламыз.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
12 наурыз 2019 ж. 1 391 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930