ТАУАР САПАЛЫ БОЛСА, ӨНІМ ӨТІМДІ КЕЛЕДІ
ҚР Үкіметінің алдында 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 32 млрд долларға дейін ұлғайту міндеті тұр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Басқосуда шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелері және ұлттық экспорттық саясатты іске асыру барысы қаралды. Экспорттық әлеуетті одан әрі дамыту үшін Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы құрылды.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр, Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, сондай-ақ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы А.Әріпханов баяндады. Өз кезегінде сыртқы істер министрі Б.Атамқұлов сыртқы нарықтарда экспорттық өнімді ілгерілету туралы ақпараттандырды. Ал, А.Мамин еліміздің экспорттық әлеуетін дамыту экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз етудің стратегиялық маңызды факторы екенін жеткізді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес экспорт көлемі 23 млрд долларды құрады, соның ішінде шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі – 15,7 млрд доллар және көрсетілетін қызметтер экспорты – 7,3 млрд доллар.
Экспорттық стратегияға сәйкес, ҚР Үкіметінің алдында 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 32 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. ҚР Премьер-Министрі ЕАЭО аясында серіктес елдермен, Қытаймен және басқа да мемлекеттермен сауда айналымын ұлғайтудың басты шарты отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру екенін атап өтті. Бұл үшін экспортты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы құрылды. Бизнесті мемлекеттік қолдаудың қаржылай құралдары өндірістен бастап экспортқа дейін бір жерде шоғырланады.
– Трансшекаралық инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстарын күшейту қажет. Бұл аса маңызды, себебі, біздің көршілес сауда серіктестеріміздің экономикаларының өсу болжамдары тұрақты, – деді ҚР Премьер-Министрі.
Басқосуда отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ілгерілетуге жекелей көңіл бөлінді. «Біздің өнімдеріміз басқа елдерде танымал болуы тиіс, әрі ортақ экспорттық брендті құру арқылы экспортты дамыту қажет» деген ҚР Үкіметінің басшысы оларды сыртқы нарықтарға қарқынды түрде шығару қажет екеніне назар аударды.
Бұл үшін қазақстандық өндірушілер өндіретін тауарлардың сапасын жоғарылатып, экспортқа шығарылатын елдердің талаптарына және регламенттеріне толық сәйкестігін қамтамасыз етуі қажет. Осы ретте Үкімет басшысы заманауи зертханалық базаны құру керектігін, бұл бизнестің өз тауарлары мен көрсетілетін қызметтеріне тиісті сертификаттар алуына көмектесетінін де тілге тиек етті. Мұнан бөлек, А.Мамин экспортқа бағдарланған тауарларды халықаралық электронды сауда алаңдары арқылы сату мәселесін пысықтау қажет екенін айтты.
ҚР Премьер-Министрі мәселені қарау қорытындысы бойынша бір ай мерзімде барлық салалар бойынша экспортты дамыту және көрсетілетін қызметтердің басым секторлары бойынша жол карталарын әзірлеуді, сондай-ақ, халықаралық деңгейге сай келетін қазақстандық стандарттар, техникалық регламенттер мен нормаларды әзірлеп, енгізуді тапсырды.
«ЖЖ» ақпарат.