РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК БАҒЫТ – СЫБАЙЛАСТЫҚПЕН КҮРЕСТЕ ҰСТАНАТЫН ЖОЛ
Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың сессиясы өтті. Депутат Ерхан Бақбергенұлы төрағалық еткен сессия отырысында 2018 жылға арналған аудандық, кент және ауылдық округтер бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есепті бекіту жайы қаралды. Сондай-ақ, аудан бойынша сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі және оның алдын алу мәселелері мен “Учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы” аудандық мәслихаттың биылғы жылдың 9 қаңтарындағы №36-2 шешіміне өзгеріс енгізу жайы тақырыпқа арқау болды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық қаржы бөлімінің басшысы Нұрсұлу Маратқызы хабарлама жасады. Сонымен бірге облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Мейрамбек Сатлабевқа сөз берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Жағыпар Тажмаханов хабарлама жасады. Ол аудан көлемінде 2017-2018 жылдары және биылғы жылдың 1 тоқсанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2017 жылдан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында 73 рет семинар-дөңгелек үстел, 13 кездесу, 35 отырыс, барлығы 121 шара өткізілген. Бұған қоса бұқаралық ақпарат құралдарында 64 мақала жарияланған.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру мақсатында барлық мектептерде 2016-2017 оқу жылынан бастап “Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубы жұмыс жасауда. Бұл мектеп клубына аудан бойынша 239 мүше қабылданған. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында “Адал ұрпақ” мектеп клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен жоспарға сәйкес тәрбие сағаттары, танымдық шаралар өткізілуде, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сессия отырысында аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Құлболдиев “Учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы” аудандық мәслихаттың биылғы жылдың 9 қаңтарындағы №36-2 шешіміне өзгеріс енгізу туралы хабарлама жасады.
Мәслихат депутаттары күн тәртібінде қаралған мәселелерді бірауыздан қолдап, бекітті. Жиын соңында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстарды саралап өтті.
“ЖЖ” ақпарат.