КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫ ПӘТЕРМЕН ҚАМТУ БАСТАЛДЫ
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда көпбалалы отбасыларға баспана беру жұмыстары басталды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми сайтында жарияланды.
Тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі жаңа заңды іске асырудың алғашқы күні елордада және еліміздің өңірлерінде 249 отбасы баспаналы болды. Биыл 30 сәуірде көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Парламенті тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі заңды қабылдады. Құжатты іске асыру ҚР Үкіметіне әкімдіктермен бірлесіп қысқа мерзім ішінде еліміздің барлық өңірлеріндегі көпбалалы отбасыларға пәтер беруді бастауға мүмкіндік берді. Президент Әкімшілігінің, ҚР Парламенті мен Үкіметінің үйлесімді атқарған жұмыстарының нәтижесінде аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй жағдайларын жақсартудың жүйелі шаралары қабылданды.
Биыл мамыр айында жалпы елімізде 2019 жылға жоспарланған 6 мың көпбалалы отбасының 1,2 мыңын баспанамен қамтамасыз ету көзделген. Бүгінде алғашқы 24 пәтер Нұр-Сұлтан қаласында, 15-і Шымкент қаласында берілген. Павлодар облысының көпбалалы отбасыларына 76, Қарағанды облысында 27, Ақтөбе облысында 25, Алматы облысында 20, Маңғыстау облысында 18, Жамбыл облысында 17, Шығыс Қазақстан облысында 11, Батыс Қазақстан облысында 10, Ақмола облысында 6 пәтер берілді.
Айта кетейік, 15 мамыр күні Атырау облысындағы 50 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдардың берген мәліметіне сәйкес, 32 мың көпбалалы отбасы баспана алуға кезекте тұр. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша алға қойылған міндеттердің іске асырылу барысы ҚР Үкіметінің ерекше бақылауына алынған.
Сыр өңірінде де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүруде. Аз қамтылған көпбалалы 150 отбасы облыстық бюджет қаражаты мен "Болат Өтемұратов қорының" қайырымдылық көмегі есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Аталған меморандумға ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кеңесте қол қойылған болатын. Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін Болат Өтемұратовт қорының қайырымдылық көмегі есебінен тұрғын үйдің бір бөлігін салу туралы мәселе көтерілген. Нәтижесінде жергілікті бюджет есебінен 50 отбасы және қалған 100 отбасы қор есебінен баспанамен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бүгінде тұрғын үй салу жұмыстары басталып та кетті.
Айта кетейік, баспананың 1 шаршы метрі 70 мың теңгені құрайды. Күзгі салқын түскенше отбасылар жаңа үйлеріне қоныстанып үлгерулері үшін тұрғын үй құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарлануда. Болат Өтемұратов қоры тарапынан тұрғын үйлерді салу бойынша «Баламекен» жобасының жүзеге асырылуына 450 миллион теңге бөлінеді.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста тұрғын үй құрылысы қарқынының тұрақты даму үрдісі байқалып отыр. Соңғы 6 жылда облыс бойынша тұрғын үйді іске қосу көлемі 2,5 есеге артты. 2013 жылы 270 мың шаршы метр болса, 2018 жылы 700 мың шаршы метрге дейін өсті. Осы жылдар ішінде Қызылорда қаласында 15 жаңа шағын аудан салынды, 361 тұрғын үй пайдалануға берілді, 7709 қызылордалық жаңа баспаналы болды, олардың қатарында апатты жағдайдағы үйлер мен жатақхана тұрғындары да қамтылды. Сонымен қатар облыс әкімдігінің бастамасы бойынша 2017 жылы аймақта "ОРДА" аймақтық Жол картасы қабылданды. «ОРДА» бағдарламасы арнайы халықтың аз қамтылған және әлеуметтік қорғауды қажет ететін топтарын 500 мың теңге кепілдік жарна арқылы бастапқы 20% жарнасыз тұрғын үйге қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Өткен жылы Қызылорда қаласының сол жағалауында жеке құрылыс салушылардың қаражаты есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй немесе 604 пәтер республика бойынша ең төмен бағамен пайдалануға берілді.
Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.