ЖӘДІГЕРЛЕР - КӨНЕ ТАРИХТЫҢ КУӘСІ
Адамзат тарихы күндер, айлар, жылдар, замандармен түзіледі. Тарихты жасаушы – адамдар. Адамзаттың көне тарихы бізге ең алғаш археологиялық зерттеулер арқылы белгілі болды. Ал, сол көне тарихтың куәсіндей болған тарихи жәдігерлер қоры бүгінде мұражайларда сақталып тұр. Мұражай – тек көне жәдігерлер сақталатын мәдени мекеме ғана емес, әрбір халықтың тұрмыс-салтының, мәдениеті мен тарихының, әдебиеті мен руханиятының шырақшысы.
Ауданымыздағы тарихи-өлкетану музейі де бүгінде өзінің бай жәдігерлерімен өскелең ұрпақтың тарихын терең тануына қызмет жасап келеді. Онда қойылған мәдени құндылықтар қатарындағы тарихи ескерткіштер мен өнер туындыларының, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінде қолданған әрбір бұйымның, жазба деректердің тұла бойы тарих тылсымына тұнып тұр, түртіп қалсаңыз ескі замандардан сыр шерте кетеді. Биыл аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл мәдени мекеменің құрылуына жазушы, журналист, өлкетанушы А.Тілеулиев сонымен бірге Комвуз Бердәулетов, Орынбай Сарманов, Мұхамедияр Әбжанов, Балғабай Имашев, Жоламан Алданазаров, Мақсат Қарақұлов секілді ағаларымыз үлес қосқанын да айта кеткеніміз жөн. Бүгінде музей қорында 7019 экспонат жинақталған.
18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне орай осы аталған мекемеде "Аудандық музейге сый-тарту" атты акция өтті. Мәдени шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов өз сөзінде музей мекемесінің қоғамдағы атқаратын рөлін және ондағы қызметкерлердің рухани құндылықтарды сақтап, оның қадым замандардан тамыр тартқан тарихын жергілікті тұрғындарға, әсіресе жас ұрпаққа танытуда жасап келе жатқан жанкешті еңбектерін атап өтті.
– Бұл атаулы күннің халықаралық деңгейде белгіленуінің өзі музейдің әр елдің өткен тарихы үшін, тіпті мемлекет үшін маңыздылығын айқындап тұр. Биыл аудандық өлкетану музейіне 20 жыл толып отыр. Қазіргі аудан орталығындағы бұл музей ғимараты типтік жобада салынбаған. Алайда, бұл мәселе аудан әкімінің назарында тұр. Өйткені, кейінгі ұрпақ өзі туып-өскен өлкесінің тарихын білуі тиіс. Ал, ол үшін музей қызметкерлері мен белсенді азаматтар қанша жылдардан бері тынымсыз жұмыс жасап келеді. Сондықтан да осы аталған сала қызметкерлерінің еңбегін бағалауымыз керек, – деді Жағыпар Айтбайұлы.
Одан соң Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы аудандық филиалының төрайымы, ардагер ұстаз Д.Мейірман және музейдің байырғы қызметкері Ә.Қалжекенова алғашқы музей жәдігерлерінің тарихынан сыр шертсе, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгер, ішкі істер саласының ардагері Б.Нұржанов өз саласына қатысты тарихи маңызы бар фотосуреттерді тапсырды. Сонымен бірге Жаһанша Қанатшаев, Тынышкүл Әбілдақызы, Айзада Төлеубаевалардың әкелерінің көзіндей болып сақталған майданнан жазған хаттары, әскери жәдігерлерімен музей қоры толықты. Шараны қорытындылаған Қ.Құлмахан аталған акцияның алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді. Атаулы күнде музей қызметкерлерінің құрметіне аудан өнерпаздары ән-жырын тарту етті.
Иә, расында бір әулет үшін құнды дүние болып атадан балаға аманатталып келе жатқан көненің көзін көрген тарихи жәдігерлер ауданымыздағы әрбір үйде болуы мүмкін, алайда, сол заттардың игілігі тек бір отбасына емес, аудан халқына ортақ болғаны абзал.
Қуат АДИС.