» » АЙБЫНЫ АСҚАҚ АЗАТ ЕЛ

АЙБЫНЫ АСҚАҚ АЗАТ ЕЛ

Тұғырлы тәуелсіздігімізді білдіретін, ұлтымыздың санға­сыр­лық арманымен үйлесім тапқан еліміздің ең басты белгісі – мемлекеттік рәміздер. Оның әрбір белгісі егемен еліміздің болашағы жарқын екенін айғақтап тұр. 1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздік алып, бабаларға арман болған айтулы күнге жетті. 1991 жылдың 16 желтоқсаны – Қазақстан тарихындағы алтын әріптермен жазылған айрықша күн. Көп ұзамай еліміз тәуелсіз мемлекеттің басты нышаны – мемлекеттік рәміздерді қабылдады.
Осыдан 27 жыл бұрын, 1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бекітілді. Әрбір рәміздің өзіндік ерекшелігі бар. Мемлекеттік деңгейдегі шараларда, халықаралық кездесулерде, спорттық ойындарда ғана еліміздің туы көтеріліп, әнұраны шырқалады. Мемлекеттік рәміздер – мәдениет пен тарихтың айнасы, ол халықтың ұлттық санасын оятуға, елдігіміздің бұрын-соңды болмаған баянын мазмұндауға қызмет ететін белгілер. Әнұран шырқалғанда ерекше сезімге бөленеміз. Бұл – елін сүйетін әрбір қазақ баласының бойында бар қасиет. Ол мемлекет айбынын да асқақтатады.
Біздің елдің байрағы дархан далада еркін өскен ұлттың арманымен ұштасып жатады. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков. Аспан түстес көмкерілген туымыз желбірегенде жан тебірентеді. Қақ ортасында күллі жер бетіне нұрлы сәуле шашып, жылылық таратып тұрған алтын күннің бейнесі салынған. Күн астында еркіндік пен қайсарлық белгісі қос қанатын жая самғаған қыран бейнеленген. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнекпен нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Сонымен бірге, қазақтың ою-өрнегі ұлттық нақышты көрсете бедерленген. Күн және оның сәулесі, бүркіт пен тік жолақты оюлар алтын түстес болып келеді. Тудың аспан тәріздес көк түстен жасалуы көшпенділердің тегін, бейбітшілікті, тыныштықты, жалпы ашық аспан астындағы өмірді білдіреді. Күн бейнесі өмір нәрін, байлық пен молшылықты, айналаға нұрлы сәуле таратып жылылықты, достықты айқындап тұр. Ал қыран бостандықты, ерлік пен намысты, биік армандар мен мұраттарды ұштастырады. Бұл ашық аспан астында күн сәулесінің нұрына шомыла ұшқан бүркіт еркіндікті сезінтіп, қайсарлыққа жол бастап, ертеңгі күннің жарық болуы үшін, бабаларға санғасырлар бойы арман болған тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай қорғауға шақыратын, Қазақстан халқын бір қолдың жұдырығындай жұмылдаратын нышан.
Мемлекеттік рәміздің тағы бір түрі – Елтаңбамыз. Елтаңбаның авторлары – Жандарбек Мәлібеков, Шотаман Уәлиханов. Көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген. Оны айнала уықтар күн сәулесіндей тарап шаншылып, аңыздардағы пырақтардың қанатымен көмкерілген. Төменгі жағында мемлекеттің атын білдіретін «Қазақстан» деген жазу бар. Қазір бұл жазу латын әріптерімен берілген. Шаңырақ – қазақ халқы үшін айрықша белгідегі ұғым. Жастар көңіл қосып, отбасын құрап жатса «көтерген шаңырақтарың құтты болсын» деп тілек айтып жатамыз. Көшпенді қазақтың киіз үй ішінен күллі аспанды көріп, сонымен қатар, шаңырақ арқылы үй ішіне тараған күн нұрын жылылықпен ұштастыра бейнеленген Елтаңбамыздың бұл белгісі біздің елде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстарға ортақ. Себебі, шаңырақ қазақ үшін қастерлі. Бір шаңырақ астында жылылыққа бөленіп, күн нұрынан нәр алып өмір сүрсін деген ұғымда. Ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ киелі шаңырақты, тәуелсіз Қазақстанды қауіп-қатерден қызғыштай қорғап тұрғандай әсер қалдырады. Тұлпарды жанының серігіндей санайтын, ұлтымыздың өзі де Қамбар ата түлігімен біте қайнасып кеткенін айқындайды. Жұлдыз «Бес құрлықпен бірдей қарым-қатынаста боламыз, елдікпен келгендерді құшақ жая қарсы аламыз» дегенге саяды.
Мемлекеттік Әнұранымызда ұлттың ұлылығын айқын­дай­тын, мемлекетті басқа мемлекеттерден ерекшелеп тұратын, тыңдағанда жаныңды рахатқа бөлеп, рухани күш сыйлайтын саз, әуені мен сөзі үйлесім тапқан. Сөзін жазғандар Жұмекен Нәжмеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев болса, әні – Шәмші Қалдаяқовтікі. Біздің Әнұранымыз, – Қазақстанды тәуелсіздікке бастаған, елдің егемендігіне жол ашқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында күллі жас­тарды біріктірген “Менің Қазастаным” әні. Кеңестік үкіметтің әміршіл-әкімшіл саясатына қарсы шығу үшін “қазақты қазақ қана басқарсын” деп ұрандатқан жастардың жүрегінен терең орын алған осы бір өлеңнің ерекшеліктері де, қасиеттері де баршылық. Мұның ең басты құндылығы ынтымақ пен бірлікке, достық пен бейбітшілікке, ерлік пен қайсарлыққа бастайтын бар қазаққа ортақ жырға айналуында жатыр.
Мемлекеттік рәміздердің барлығы Елбасымыз Н.Ә.Назар­ба­евтың Жарлығымен бекітілген. 1992 жылдан бері 27 жылды артқа қалдырған Жарлық тәуелсіз елдің ертеңін жарқын етуге, өскелең ұрпаққа отаншыл бағыттағы тәрбие беруге өз үлесін қосып келеді.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
21 мамыр 2019 ж. 790 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930