Алматыда Еуразиялық медиа форум өтіп жатыр
Әлемдік БАҚ өкілдері, саясаткерлер, экономистер және тағы басқа бірқатар саланың білікті мамандары XVI Еуразиялық медиа форумға қатысу үшін кеше Алматыға жиналды. Дәстүрлі форумға биыл «Бүгінгі әлем: трансформация шындығы?» деген тақырып арқау болды.
Үшкүндік сұхбат алаңында медиа сарапшылары «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік даму жобасы аясында шеберік дәрістерін өткізуде. «Reuters» агенттігінің журналисі, «News-Decoder» жаңалықтар қызметінің негізін салушы Нельсон Грейвс климаттың адамға әсерін, журналистикадағы жаһандық мәселені шешу жолдарын тарқатып берді. Ал фриланс журналист Дженни Климан цифрлық технология мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Ресейлік кинорежисер Сергей Бодровтың «Кино продюсерінің өнері» атты шеберлік дәрісі осы бағытта қалам тербеп жүрген тілшілердің қызығушылығын туғызды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, одан бөлек, форум аясында виртуалды ақпаратты қалыптастыру, блогсфераның журналистикаға ықпалы, фотожурналистиканың қыр-сыры сынды көптеген тақырып қозғалмақ. Ауқымды шараға әлемнің 60 мемлекетінен 600-ге жуық делегат қатысып жатыр. Сол қатарда қызылордалық әріптестер – «Сыр Медиа» ЖШС-не қарасты ақпарат құралдарының өкілдері де бар.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
https://syrboyi.kz