АІВА Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшелігінен шығарылды
Бұл шешім ХОК мүшесі Ненад Лалович басқарған арнайы Тергеу Комиссиясының ұсыным бойынша қабылданды.
Бокс 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасында қалды. Алайда, Халықаралық Бокс Қауымдастығын (АІВА) Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан танылуы тоқтатылуы тиіс, деп жазады baq.kz.
ХОК атқарушы комитеті осындай ұсынымды ХОК-тың алдағы сессиясына беріп отыр. Сессия 24-26 маусым күндері Лозаннада өтеді. Бұл шешім ХОК мүшесі Ненад Лалович басқарған арнайы Тергеу Комиссиясының ұсыным бойынша қабылданды. Тексеру комиссиясы құрамына ХОК мүшесі Ричард Л. Каррион және спортшылар Комиссиясының жетекшісі Эмма Терхо енген.
ХОК атқарушы комитеті АІВА-дағы қаржы, басқару, этика және төрешілік сұрақтарын шешу мақсатымен 2018 жылдың 30 қарашасында арнайы комиссия құрған болатын. Ұйымдағы шешімін таппаған мәселелер 2017 жылы анықталып, бүгінге дейін қатал түрде бақыланды. Бірақ аталған сұрақтарды ойдағыдай шешу мәселесі байқалған жоқ. ХОК атқарушы комитеті мәселені егжей-тегжейлі тексере келе, боксты 2020 жылғы Токио Олимпиадасының спорттық бағдарламасында қалдыруды жөн деп шешті.
Токиодағы бокс бәсекесі мен барлық іріктеу сындары ХОК бекіткен негізгі қағидалар аясында өтуі тиіс.
Егер жоғарыда аталған шешім 2019 жылдың маусымында өтетін ХОК сессиясында мақұлданса, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бокстан 286 спортшы бақ сынайды. 8 ерлер және 5 әйелдер салмағында жарыс өткізіліп, жеңімпаздар анықталады.
Сондай-ақ, Атқарушы комитет ХОК мүшесі және Халықаралық Гимнастика Федерациясының президенті Моринари Ватанабенің басшылығымен мақсатты топ құрды. Оның құзыреті төмендегідей:
1. Спорттың барлық саласындағы гендерлік теңдікті көтеру мақсатында бокстан келесі жарыстарды өткізу:
а. 2020 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында өтетін бокстан 2020 жылғы Токио Олимпиадасына іріктеу жарыстары;
б. Токио Олимпиадасындағы бокс турнирі.
2. 2019 жылғы маусым айының соңына дейін Токио Олимпиадасына іріктеу жүйесін әзірлеу:
а. Ерлер мен әйелдер арасындағы салмақ дәрежелерін анықтау;
б. Гендерлік теңдікті көтеру мақсатында бокс бәсекесіне квота тарату;
в. Іріктеу сындарына квота тарату талаптарын орнату. ХОК 2020 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында өтетін Олимпиадаға іріктеу турниріне арналған жаңа күнтізбе әзірлейді.
Ал АІВА-ны ХОК мүшелігіне қайтару мәселесі 2020 жылғы Токио Олимпиадасынан кейін қайта қаралады. «Бүгінгі мәселе спортшылар мен жалпы бокстың келешегі үшін қабылданды. Біз спортшылардың арманына балта шаппай, олардың 2020 жылғы Олимпиада ойындарында өнер көрсеткенін қалаймыз. Алайда, АІВА Тергеу комитетінің шешімінен кейінгі салдар туралы ойлану қажет. Сондай-ақ, біз оларға ХОК мүшелігін қайтарып алу мүмкіндігін ұсынып отырмыз. Ол үшін түбегейлі өзгерістер қажет», - деді ХОК президенті Томас Бах.