ЕУРАЗИЯЛЫҚ МЕДИА ФОРУМ: АШЫҚТЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН ПЛАТФОРМА
Алматы қаласында XVI Еуразиялық медиафорум өтті. Форум жұмысына 600 халықаралық сарапшы, 7500-ден аса адам қатысты. Осымен 16-шы рет ұйымдастырылып отырған шарада жаһандануға қарсы жағдайда әлемдік дамудың жаңа модельдері, табиғи ресурстардың азаюы және азық-түлік жетіспеушілігімен байланысты тұтыну дағдарысының күшеюі сынды мәселелер сөз болды. Сонымен бірге цифрлық әлемдегі журналистиканың болашағы және коммуникация индустриясына блогсфера ықпалының ұлғаюы әңгіме арқауына айналды. Халықаралық шараға “Сыр медиа” ЖШС-нан арнайы делегация қатысты.
ЖАҺАНДАНУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ МЕН ДӘСТҮРЛІ МЕДИА
«Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы ма?» тақырыбына арналған халықаралық жиынға ҚР Парламенті Сенатының спикері, форумның негізін қалаушы Дариға Назарбаева, Армения Президенті Армен Саркисян, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Халықаралық қатынастар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Др.Байге Жао, Ұлыбританияның Еуропалық одақтағы тұрақты өкілі (2013-2017), Премьер-Министрдің ЕО жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Айвэн Роджере, 2006 – 2016 жылдары Эстония президенті болған саясаткер Томас Хендрик Ильвес және алыс-жақын шетелдерден басқа да мамандар қатысты.
Шара шымылдығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Ресми хатты ҚР Ақпарат және коғамдық даму министрі Дәурен Абаев оқып берді. Онда: «Бұл форум – халықаралық, аймақтық деңгейдегі қордаланған мәселелердің мәні мен мазмұнына үңіліп, себебі мен салдарын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Еуразия қоғамы үшін өмірлік маңызы зор ауқымды шараға айналды. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – сандық дәуірдің дәурені мен бүгінгі әлемдегі ақиқат трансформациясы. Тұрғындардың аталған кезеңнің сын-қатерлеріне қарсы тұратын иммунитетін қалыптастыру қажет, бұл – күн тәртібіндегі аса өзекті мәселе» делінген ресми хатта.
Форумның ресми бөлігі бүгінгі таңдағы аса өзекті мәселелерді қамтитын мәжілістерге бөлінген. Бірінші пікірталқы «Жаһандану(сыз): Әлем дамудың жаңа үлгілерін іздейді» тақырыбы төңірегінде өрбіді. Пікірталқы тізгінін АҚШ-тағы TRT World телеарнасының жүргізушісі Гида Фахри алды. Бірінші боп сөз кезегін алған Армения президенті Армен Саркисян форумның маңызына тоқталды: «Еуразия медиа форумы жеке институт ретінде қалыптасты. Бүгінде журналистік ортаға ғана емес, бүкіл Еуразия аумағына ықпал ететіндей күші бар», – деді Армения Президенті.
Жаһанданудың бірнеше жыл бұрынғы кезеңдерден бастау алатынын айтқан Армения басшысы Ұлы жібек жолының тарихын ғаламданудың бұған дейінгі дәуірдің үздік мысалы ретінде келтірді. Әрі бұл құбылысқа барлық дамыған және дамушы мемлекеттер қатысуы қажеттігін айтты. Бұл орайда еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев «Біздің жаһандану(сыз) дәуірініне қосатын өзіндік үлесіміз бар. Қазақстан – Қытай, Ресей, АҚШ пен Еуропа сынды үлкен алпауыттардың арасындағы маңызды платформа» деп атап өтті. Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Халықаралық қатынастар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Др.Байге Жао жаңа жаһанданудың бұған дейінгілерінен айырмашылығы зор екенін айтты.
Медиа форум қатысушыларына бүгінгі дәстүрлі басылымдар мен әлеуметтік желілердің бәсекесі төңірегіндегі сауалдар қызықты болды. Спикерлер бір ауыздан бұл екі таған болашақта бір арнаға бірігетінін жеткізді. Ұлыбританияның Еуропалық одақтағы тұрақты өкілі (2013-2017), Премьер-Министрдің ЕО жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Айвэн Роджере әлеуметтік желілердің бүгінгі қарқынды дамуына тосқауыл қою мүмкін емес екенін айтса, Эстонияның бұрынғы Президенті Томас Хендрик Ильвес сапалы контент ұсынуда дәстүрлі БАҚ үлкен басымдыққа ие екенін жеткізді.
Әлемдік деңгейдегі мамандардың пікірі осылайша екіге жарылып жатты. Форумға қатысқан біздер жаңа медиа мен дәстүрлі медиа бір арнаға тоғысқанда ғана жұртшылыққа жылдам әрі сапалы ақпарат ұсынуға болатынын ұғындық.
ЖАҺАНДАНУ ҮДЕРІСТЕРІНЕ НЕГІЗДЕЛГЕН
ШЕБЕРЛІК ДӘРІСТЕРІ
Еуразиялық медиа форумның аясы да, ауқымы да өте кең болатынын Қызылордадан шықпай жатып-ақ түсіндік. Ғаламтор арқылы таныстырылған бағдарламасынан өзекті мәселелер талқыланатыны айқын еді. «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту жөніндегі қорының қолдауымен өткен жиында шетелден арнайы келген спикерлер журналистиканың жаңа құралдарымен, заманауи құпияларымен бөлісіп, өнер, мәдениет, кино өндірісі турасында сөз қозғады.
The Ritz Carlton алаңында үш күнге жоспарланған медиа форумның шымылдығын жастарға арналған News-Decoder білім беру сервисінің негізін қалаушы Нельсон Грейвс ашты. Ұлыбританиядан келген маман «Экологиялық журналистика» тақырыбында дәріс оқыды. Ол бүгінгі таңдағы экологиялық проблемалардың қауіп-қатерін алдын ала болжау аса күрделі шаруа екенін айтты. Дейтұрғанмен журналистердің экологиялық ғылым мен қоғамның арасын байланыстыра алатын үлкен күші бар екенін жеткізді.
Мұнан кейінгі сөз «Моңғол», «Көшпенділер», «Кавказ тұтқыны» сынды фильмдерімен әйгілі ресейлік танымал кинематографист Сергей Бодровқа берілді. Ол «Кино өндіру өнері» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Ресейлік режиссер жақсы продюсердің назарына іліну үшін адами құндылықтарды насихаттайтын, я болмаса, тарихты, ұлттың басынан кешкен уақиғаларын баяндайтын сауатты сценирий қажеттігіне назар аударды.
Жаһандануға бет бұрған бүгінгідей қоғамда виртуалды дүниелер де сұранысқа ие. Әл-Жазира телекомпаниясының құрамындағы «Contrast» агенттігінің жетекшісі Захра Расул БАҚ-та дәйекті әрі деректі тақырыптарды қамтитын репортаждардың үлесін арттыру турасындағы тәжірибесімен бөлісті. Кәсіби қызметінде 360 градус, виртуалды шынайылық (VR) тәсілдерін қолдану арқылы видео түсірумен айналысатын маман жұрттың қызығушылығын оята білді. Ол «Экологиялық яки климаттық мәселелерге қоғам назарын аудару үшін VR тәсілдерін қолданатын болсақ, көп нәрседен ұтатын едік» деген пікірін де білдірді. Өйткені, бұл тәсіл көрерменнің өз шындығын басынан бастап құруға мүмкіндік береді. Спикер өндірісте әрі шығармашылық жұмыста VR тәсілдерді қолданудың артықшылықтарын атап, оның құпияларымен бөлісті.
Дәрістер легінде тәуелсіз журналист британиялық Дженни Климанның да шеберлік сағаты болды. Ол фрилансансер болудың артықшылығы мен кемшілігі жайлы сөз қозғады. Дженни Климан фрилансер болудың артықшылығы мен кемшілігі, қызығы мен қиындығы туралы кеңірек баяндап берді. Фрилансер өз атына жұмыс істеуі қажет, фолловерлерінің саны артқан сайын, қамтитын тақырыбының ауқымы кеңейе түседі. Бұдан өзге, тәуелсіз журналист құқықтық тұрғыда сауатты болуы аса маңызды әрі әрбір құжатына мұқият болғаны абзал. «Өзіңе сен, өзіңнен өзге білімің мен білігіңе, еңбегің мен тәжірибеңе ғана сене аласың. Әйтпесе, нағыз журналист болу қиын» дейді Дженни. Идея атаулысының өзегі қоғамның өзінде жататынын атап өткен ол адамдармен, мамандармен көбірек сөйлесу керектігін ескертті.
Сапалы суретке түсіру, бәрінен бұрын оны шынайы бейнеге айналдыру қиынның қиыны. ТАСС фотоақпарат редакциясының жетекшісі-бас редактордың орынбасары Григорий Дукор фотожурналистика құпияларына арналған дәріс өткізді. Ресейлік маман фотоөнерге қызығатын кез келген адам бірінші кезекте қымбат фотоаппарат болуы қажет деп есептейтінін айтты. Танымал фотограф ұтымды сурет түсіруге қымбат құрылғыдан бұрын суретшінің байқампаз, елгезек болуы аса маңызды екенін назарға салды. «Керемет суретті күтпеген жерден кезіктіруіңіз мүмкін. Ол үшін детальға мән беруді үйреніңіз» деген Дукор орта бағадағы қарапайым объективтердің күшімен түсірілген небір үздік суреттер көрсетіп, шын мықтыға тұсау жоқтығын дәлелдеді.
Бейнеден тарих тудыруды қолдайтын тағы бір дәріскер – колумнист, продюсер, журналист Иво Бурум журналистер мен медиа өкілдеріне арналған MoJo шеберлік сыныбының тренері «Мобильді журналистика» турасында дәріс оқыды. Австралиялық маман «Ұялы телефон – цифрлы да сиқырлы қалам. Бүгінгі журналистің басты міндеті – цифрлы дәуірдің үнін ұғып, соның тілінде жазу» деді. Дәріс барысында бірден видеорепортаж түсіріп, оны әпсәтте өңдеуге болатынын көрсеткен Иво бейне жазуға мүмкіндік беретін құралдарын үнемі өзімен алып жүретінін айтты. «Бірақ видео жасауға қажетті қымбат құрал-жабдықтардың барлығына шығындалудың қажет жоқ» дегенді алға тартқан ол «Қолыңыздағы қарапайым смартфонмен де көп дүниені түсіруге болады» деген пікір білдірді.
ТҰТЫНУ ДАҒДАРЫСЫ ТҰРҒЫНДАР ДАҒДЫСЫНА ТӘУЕЛДІ
Алматыда өткен XVI Еуразиялық медиа форумда талқыға түскен тегеурінді тақырыптардың бірі тұтыну дағдарысымен тікелей байланысты болды. Жер бетіндегі халық саны тоқтаусыз артып келеді. Ал дамыған мемлекеттер мен кедей елдердің табысындағы алшақтық тереңдей түсуде. Энергетикалық дағдарыс орын алуда, азық-түлік тапшылығы да алаңдатып отыр. Көптеген елдердің үкіметі «жасыл энергетиканы» дамыту жолдарын іздеуге кірісті.
«Блумберг» ақпарат агенттігінің аймақтық директоры Тодд Баер модераторлық жасаған жиында осы мәселелер қаралды. Тамақ қалдықтары және тұрақты даму жөніндегі сарапшы, LeanPath компаниясының вице-президенті Стивен Финн АҚШ-тағы тағам қалдықтарының бүгінгі ахуалы жайлы айта келе, ондағы азаматтардың кез келген уақытта, күн-түн демей дүкеннен өзіне қажет тағамын сатып алатынын және бұл тағамды шектен тыс тұтынуға, ысырапқа әкелетінін жеткізді. Нәтижесінде тұрғындар елдегі жалпы тағам өндірісінің 30 пайызын қалдыққа тастайды екен. Ал әлем бойынша қалдық көрсеткіші 50 пайызға жеткен. Стивен Финнің ұйымы осы көрсеткішті азайтуды мақсат еткен. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) үйлестірушісі Хорхе Фонсека Дүниежүзі бойынша халықтың өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші төмендеуде екенін айтып, оның тамақтану мәдениетімен тікелей байланысты болып отырғанын жасырмады. Бұл орайда орталық барлау басқармасының бұрынғы басшысы (1993-1995), Gerie Energy Ltd компаниясының стратегиялық кеңесшісі Джеймс Вулси (АҚШ) жалпы тұтыну мәдениетін қалыптастыру жөнінде ой айтты. Күн, су, жел энергиясын, табиғи газды тұтынуды дамытатын болсақ, ресурстарды пайдалануға деген көзқарас өзгеретін еді дейді энергияны сақтау жөніндегі сарапшы.
Бұл басқосуда әлемдік проблемаларға қоғамның назарын аударуына журналистика елеулі үлес қосу керектігі де сөз болды. ElSurtidor редакторы Хасмин Акуния (Парагвай): «Әлем тұрғындарының басым бөлігі ғаламдық проблемаларға бүгінде бас қатырмайды. Журналист ретінде маңызды мәселелердің мән-мазмұнын қоғамның назарына ұсынудың жолын табуымыз қажет» деді. Ал «Ягран» компаниялар тобының вице-президенті, бизнесті дамыту және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Басант Рантор (Үндістан)дағдарыстың дұрыс жағын қарастыруға кеңес берді.
ДӘСТҮРЛІ МЕДИА НЕМЕСЕ ШЫНАЙЫ АҚПАРАТ ҰСЫНАТЫН БАҚ
Еуразиялық медиа форумының қорытынды күні ұлтжандылықтың ғаламдық трендтері мен әлемдегі алпауыт елдердің сыртқы саясаты төңірегіндегі қызу пікірталқыдан бастау алды. Басқосу барысында АҚШ-та өтетін алдағы сайлауға қатысты болжам да жасалды.
Форумда Мексикадағы блогерлердің 50 млн-ға дейін оқырманы бар екендігі айтылды. Соның өзінде олар АҚШ-тан 7 жылға артта қалып қойған. “Жаңа медиа мен дәстүрлі медианы қос тағандап ұстауға тырысқан біз сонда қай жерде келе жатырмыз?” деген ой маза бермеді. Мамандар болашақта газет-журнал деген болмауы да мүмкін деген ойларын ортаға салды. Дегенмен, “New York Times” газетінің тәжірибесінен үйренеріміз бар екенін алға тартып, медиакеңістікте өмір сүру үшін заман талғамына сай білікті журналистер қатарын арттыру қажеттігін де атап өтті. Тіпті, кейбір дамыған елдерде теледидардың өзіне жәй ғана “қара жәшік” ретінде қарайтыны да осы форумда айтылды. Кім қандай пікір білдірсе де, шет елдерден келген сарапшылар газет оқитындарын жасырмады. Өйткені, баспа құралдарындағы ақпарат шынайылыққа негізделген.
Сөз соңы. Сұлу Сырдан асқақ Алатауға жол жүретініміз белгілі болғанда бір кездегі ел астанасы – Алматының бүгінгі тынысы қатты қызықтырды. Еліміздегі ең ірі мегаполистің бірі саналатын Алатаудың баурайындағы қала бұрынғыдан бетер әсемдене түсіпті. Табиғаты да өзгермеген. Әдеттегідей жаңбырмен қарсы алып, төбесін қар басқан мұнар тауларына қарай тарта берді. Жаһандық мәселелерді сөз еткен жиынға келген меймандар жасанған, жаңғырған, жаңарған Алматының көркем бейнесіне тамсанумен жүрді.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Қызылорда-Алматы-Қызылорда.
Суреттер форум галереясынан алынды.