ДАМУҒА БЕТ БҰРҒАН ӨҢІР КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ КӨШ ТҮЗЕДІ
Алаштың анасы атанған Сыр өлкесі бүгінде қарыштап даму үстінде. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар нәтижесін беріп, облысымыз еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарында тұр. Бұл – бәрінен бұрын ынтымағы мен бірлігін жоғары қоятын, әрбір жетістігіне еңбек арқылы қол жеткізетін халықтың жемісі. 28 мамыр күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Үкімет мәжілісінде сөз сөйледі. Онда облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналып әзірленген кешенді жоспар таныстырылды. Бұл жиында өнеркәсіп, «Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология, су шаруашылығының ахуалы, әлеуметтік сала мен Қызылорда қаласының бас жоспары сынды басты басты мәселелер сүзгіден өтіп, сүбелі бастамалар айтылды.
Биылғы жылдың ақпан айында Қауіпсіздік кеңесі отырысында Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Үкімет бастауымен Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Бүгінде 119 іс-шарадан тұратын, құны 219,7 млрд теңгені құраған кешенді жоспар әзірленді. Оның 156,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 50,6 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд теңгесі басқа қаржы көздерінен болмақ.
Әңгіменің ағынын осы жерден тоқтатып, оқырманға ұғынықты болу үшін бірден жоспардың негізгі бағыттарына кезек бергенді жөн көрдік. Қазір Қызылорда облысында қолданыстағы мұнай-кен орындары 50%-ға сарқылып, мұнай 1,5-2 мың метр тереңдікте ғана бұрғылануда. Сондықтан, жоғарыда аталған кен орындарында 5 мың метрден аса тереңдікте бұрғылауды жүзеге асыру ұсынылды. Бұл үшін 11 млрд теңгені қажет ететін тиісті геологиялық барлау-зерттеулер жүргізу қажет болады. Ғарыш әлеміне жол ашқан «Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі де назарда екенін айта кеткен абзал. Бұл Байқоңыр қаласының, жалпы өңір экономикасын өсірудің локомотиві болмақ. Онда көпсалалы өнеркәсіп және ғарыштық туризм салаларын дамытудың арқасында инвестициялар ағыны ұлғайып, жаңа жұмыс орындары құрылады деп күтілуде. Мұның барлығы өнеркәсіпті өркендетуге жол ашатын бағыт. Ал, агроөнеркәсіптік кешен блогында жаңа суармалы жерлерді енгізумен және қолданыстағыларын қайта жаңартумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсуіне және оның экспортын одан әрі арттыруға назар аударылатын болады. Кәсіпкерлікті дамыту бөлігінде «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы шеңберінде өңірдегі бизнесті дамытуды ынталандыру бойынша 10,7 млрд теңге сомасында 6 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда.
Аталған жұмыстар нәтижесінде алдағы 2 жылда жалпыөңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 20%-дан асады деп күтілуде. Транспорттық инфрақұрылым бөлігінде 45,2 млрд теңге сомасында іс-шаралар жоспарлануда. Бұл 2022 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының желісін 72%-ға дейін жақсартуға мүмкіндік береді. Жоспарда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы блогына байланысты да ұсыныс айтылған. Бүгінгі күні облыстың 7 аудан орталығының 4-і газбен қамтылған. Аталған құжат шеңберінде облыста биыл қалған 3 аудан орталығы және кезек-кезегімен 6 тіректі елді мекен бойынша жұмыстарды жүзеге асыру ұсынылды.
Өңірде облыс орталығын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Қолданыстағы жылу қуаттылығы пайдалануға сонау 1964 жылдары берілген, яғни 50 жылдан аса пайдаланылып келеді, жабдықтары да тозған. Осы себептерге байланысты алдағы уақытта облыс орталығын 700-ге жуық көпқабатты үй жылусыз қалуы мүмкін. Осы орайда, «Қызылорда қаласының Жылу электр орталығын кеңейту және қайта жаңғырту» жобасын жүзеге асыру аса қажет етіледі. Жалпы облысты жылумен қамту бойынша шараларға 22,8 млрд теңге қажет, оның ішінде Жылу электр орталығын қайта жаңғыртуға – 15,4 млрд теңге. Сумен жабдықтау саласына келетін болсақ, жалпы сомасы 28 млрд теңгеден аса қаражатқа 14 су жобасын жүзеге асыру ұсынылып отыр, бұл ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтауды 76,5 пайыздан 84 пайызға дейін қамтамасыз етуді арттырып және Байқоңыр қаласының сумен жабдықтау мен су бұру жүйелері жақсаратын болады.
Осы сынды жайттарды алға тартқан аймақ басшысы экология және табиғатты пайдалану мәселелеріне де тоқталды. Бұл бойынша жалпы құны 14,7 млрд теңгені құрайтын 15 іс-шара жоспарлануда. Олардың қатарында Солтүстік Аралдағы «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру жобасы бар. Облыс басшысы «Көкарал» бөгетін шұғыл нығайтпасақ, су көлемі 27,4 млрд текше метрді құрайтын Кіші теңізден бір мезетте айырылып қалуымыз мүмкін екенін жеткізді. Жоспарда Қызылорда су торабын кешенді жөндеу, «Күміскеткен» мен «Қараөзек» су қоймаларының құрылысы қарастырылған.
Сүзгіден өткен сүбелі бастамалардың қатарында әлеуметтік салаға да ден қойылған. Халықты әлеуметтік қорғау бойынша Арал өңіріндегі экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймағында тұратын әйелдердің босануға дейінгі және босанудан кейінгі жүктілік демалысының мерзімін ұзарту, сонымен қатар Арал өңіріндегі экологиялық қасіретпен байланысты аурулардың тізбесін анықтау бойынша арнайы зерттеулер жүргізу көзделуде. Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 500 төсектік көпбейінді облыстық аурухана және 5,7 млрд теңгеге – Қазалы ауданында орталық аудандық емханасы мен Қызылорда қаласында қан орталығы – 2 нысанның құрылысы салынады. Сондай-ақ, спорт саласының жалпы сомасы 1,8 млрд теңге болатын 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарлануда. Су тасқынына қарсы іс-шаралар бөлігінде су тасқыны қауіп-қатерін алдын алу мақсатында облыс әкімдігімен жалпы сомасы 11,4 млрд теңгеге 14 іс-шараны жүзеге асыру ұсынылды. Кешенді жоспар аясында тұрғын үй құрылысына қатысты 4 жылда 208,9 мың шаршы метр болатын 3 510 пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілетін болады.
Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында айтылғандардың негізгі қысқаша сипаттамасы осындай. Аталған жоспарды іске асыру нәтижесінде жалпыөңірлік өнімнің көлемін 2 трлн теңгеге жеткізіп, қосымша 10 мың жұмыс орнын ашу көзделген.
Дамуға бет бұрған өңірде бұдан да басқа атқарылып жатқан нәтижелі жұмыс баршылық. Ал кешенді жоспар аймақ әлеуетін арттыру бағытындағы толайым тірлікті бір арнаға тоғыстырған бастамалардың жиынтығы болып отыр.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.