Тоқаев қазақстандықтарды Ораза Айт мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандарын Ораза айт мерекесімен құттықтады, "Барша мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы - күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке. Ораза айт күндері әр мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді. Ізгі ойлар мен игі істер өзара түсіністік пен келісімге бастайды, адамдарды ортақ мақсат-мүддеге жетелейді. Қазақстан - бейбіт өмір мен жасампаздықтың мекені. Өзге діни сенімдерге құрмет, толеранттылық пен адамгершілік құндылықтар - халқымызға тән игі қасиеттер. Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін! Ораза айт құтты болсын!", - деп жазылған хабарламада.