Үздік дәрігерлер баспана сертификатына ие болды
Облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында өңірдің үздік 5 дәрігеріне тұрғын үй алуға сертификат табыстады. Тұрғын үйдің бастапқы жарнасы 1 млн. және 500 мың теңге сомасындағы сертификаттар берілді.
Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театрында медицина қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, аймақтың медицина саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
"Денсаулық сақтау саласының қаржысы бір жылдың өзінде облыс әкімінің қолдауымен 7,2%, соның ішінде материалдық-техникалық базасын арттыруға бөлінген қаржы 20,2% өсті. Облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық техникамен жабдықтау 2018-2019 жылдардың өзінде 34,9% өсіп, қамту 79,26% құрап отыр", - деп атап өтті Руслан Рүстемұлы.
Облыстың үздік дәрігерлері құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен, сондай-ақ "Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін" және "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгілерімен марапатталды.
Айта кетейік, соңғы 2 жылда 25 медициналық нысан пайдалануға берілді, 17 нысанның құрылысы жүргізілуде. Мәселен, Арал, Қазалы аудандық ауруханалары жаңадан салынды. Бүгінгі күні Шиелі, Жалағаш аудандық орталық ауруханасы салынып жатыр. 2016 жылы Байқоңыр қаласында облыстық медицина орталығының филиалы ашылды. Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының және Байқоңыр қаласының тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында тері коронарлық араласу орталығы іске қосылуға дайын.
Ағымдағы жылы облыс тұрғындарын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаржыландыру 2 есеге артты, 8 сирек нозология бойынша 80 пациентті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаражат қарастырылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қызылордалықтардың өмір сүру ұзақтығы 1,6 жылға артып, өлім-жітім көрсеткіші 5,8 пайызға төмендеді.
Сырбойылық дәрігерлер Ресейде, Кореяда және Еуропа елдерінде біліктілікті арттыру курсынан өтуде.