АБЗАЛ ЖАНДАР АЛҒЫСҚА БӨЛЕНДІ
Жыл сайын ауданда «12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні» мерекесіне орай ақ халатты абзал жандардың құрметіне салтанатты шара өтеді. Дәстүрлі мерекелік кеш биыл да жалғасын тауып, мейірбикелер марапат төрінен көрінді. Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов сала қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап, аудандағы медицина саласының жай-күйіне тоқталды.
– Дәрігерлердің, ақ халатты абзал жандардың еңбегін жоғары бағалаймын. Біз жанымызға ем іздесек, алдымен медицина саласы қызметкерлерінің көмегіне жүгінеміз. Ауданда 250 адамға арналған жаңа емханамыз бар. Замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген емдеу орталығы қазіргі таңда халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Мұнан бөлек 100 орындық орталық аурухананың да құрылысы басталды. Мереке баршаңызға құтты болсын. Жауапты салада жауапкершілікпен жұмыс жасап жатқан сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, ауданда емдеу және алдын алу ұйымдарында 86 жоғары білімді дәрігер, 463 орта буынды медицина қызметкері жұмыс жасайды. Амбулаториялық-емханалық қызметі бар орталық аурухананың мейірбикелері, сала ардагерлері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет граматосымен, облыстық Жастар денсаулығы орталығының, аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалының, аудандық аурухананың, кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарына ие болған қажырлы мамандар.
Салтанатты шарада денсаулық сақтау саласының ардагері Қанымкүл Шаханова, кәсіподақ комитетінің төрайымы Ләйлә Елібаева мейірбикелерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Бүгінде бұл саланың алға басуы мемлекет тарапынан жасалған қолдаумен тығыз байланысты. 2015 жылы аудан орталығынан жаңадан бой көтерген ауысымына 250 келушіге арналған үш қабатты типтік жобадағы емхана ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді. Аталған ғимарат заман талабына сай жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталды. Қазіргі таңда емханада аудан тұрғындарын спирография, электроэнцефалография, Холтерлік мониторлау тексерулерінен өткізу мүмкіндігіне қол жеткізілді. 2016 жылы Еңбек ауылдық дәрігерлік емханасының ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілсе, кентте 100 орындық аудандық аурухананың құрылысы басталды. Алдағы уақытта жекеменшік-мемлекеттік әріптестік негізінде Ақсу, Мырзабай ахун және Таң елді мекендерінде де дәрігерлік емханалар құрылысы басталады деп күтілуде.
Е.СОЗАҚБАЕВ.