"Анаңның орнына қабылдау қиын": Бейбіт Қорған әкесінің өзге әйелмен қосылғанын айтты
Бейбіт Қорған отбасына қатысты құпияның шетін ашты. Әнші анасы қайтыс болғаннан кейін, әкесінің өзге әйелмен көңіл қосқанын жеткізді. Бұл туралы әнші Hit-Tv арнасының "Менің өмірім" бағдарламасында әңгімеледі, деп жазады Stan.kz.
Бейбіт Қорғанның айтуынша, анасы қайтқаннан кейін, әкесі отау құрмаған. Алайда көңіл қосқан адамы бар.
"Үйленген жоқ. Бірақ бар ғой. Анам қайтыс болғанға дейін танып, білгендігін естіп жатырмыз. Өзінің өмірі ғой. Еркек адам өзі шешеді. Әкемізге анау деп, мынау деп ештеңе дей алмаймыз. Бөтен адамды жақын адамыңдай қабылдау басында қиын болды. Оның үстіне, анаңның орнына... Миға сыймайтын нәрсе. Бірақ қайтесіз енді?! Әкенің де бабын табу керек", - деп ағынан жарылды әнші.
Әнші 2016 жылы берген сұхбатында анасы қайтқаннан кейін, бауырларымен де ара-қатынасы бұзылғанын айтқан еді. Бейбіт отбасында төрт ағайынды. Бүгінде бауырлардың арасы тіптен алыстап кеткен көрінеді.
"Өзіңнің анаңның болғанына ештеңе жетпейді ғой. Анаңның жоқтығына байланысты ортаға іріткі салатын әңгімелер болуы мүмкін. Бауырлардың бір-бірінен алшақтайтын нәрселер туындауы мүмкін. Басқарып отырған әйелдің жанындағы еркек адам түсіндірмесе, "араласпа" деп айтпаса, ештеңе миға сыймайды. "Сенің айтқаның дұрыс екен" деп отыра берсе, солай кете береді", - деді Бейбіт.