Ерболат Беделхан дейтін кім еді –Жанпейісова Қаринге ашық хат жолдады
Қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы әнші Сәуле Жанпейісова Қазақстан "РТРК" АҚ төрағасы Ерлан Қаринге ашық хат жолдады. Хат мәтіні Facebook әлеуметтік желісінде жарияланды, деп хабарлайды Today.kz.
"Күні кеше еліміздің батыс өңіріне гастрольдік сапармен барып, елдің жағдайын көріп, біріне қуансам, біріне налып, шаршап -шалдығып, денсаулығыма да қарамай ел аралап келіп жеткен бетім еді. Кешкісін Сіз басқаратын Ұлттық арнаны қосып, (бағдарламаның атын есімде сақтай алмадым, кешірерсіз!) Ерболат Беделхан дейтін продюсердің қазақтың жас қыздарымен бір өзі жүргізіп отырған кастингін көріп, жағамды ұстадым. Халқымыздың ғасырлар бойғы дәстүрлі өнеріне айына бір сағат уақыт бөлінбей отырған Ұлттық арнадан ұлтымыздың тамырына балта шабатын мұндай жобаның көрсетілуін қалай түсінуге болады? Өнерге ынтасы бар жас қыздардың тағдырын бір өзі шешетін Ерболат Беделхан дейтін кім еді? Ұлтымыздың мүддесіне қайшы келетін еш мағынасы жоқ сөздермен былғанған жат ағымды музыка түрін насихаттап, жас қыздардың санасын улап, кімге қандай үлгі көрсетпек? Мұндай бағдарламаны көрсетудегі Ұлттық арнаның мақсаты не? Біз білетін 60 жылдық тарихы бар "Қазақстан " Ұлттық арнасында бұрын-соңды мұндай сорақы дүние көрсетілмеген болар. Мұның арты қайда апарып соғатынын Сіз жақсы білесіз деп ойлаймын", – дейді Сәуле Жанпейісова.
Дәстүрлі әнші аталған бағдарламаның орнына дәстүрлі ән өнерін насихаттайтын бағдарлама ашылса деген тілегін жеткізген.
"Құрметті Ерлан мырза! Елдің бүгіні мен ертеңін ойлайтын азамат ретінде мынадай сорақылықты жарнамалауға тез арада тыйым салуыңызды сұраймын! Бұл біздің болашағымызға зор зиянын тигізетініне күмәнім жоқ. Оның орнына халқымыздың сан ғасырдан бері рухани азығына айналған дәстүрлі өнерін насихаттайтын жаңа жоба ашуыңызды сұраймын. Мен бұған дейін де Сізге дейінгі басшыларға осы ұсынысымды айтумен келем. Өкінішке орай, сөзіміз əрдайым аяқасты қалады. Бұл жалғыз менің сөзім емес, менің бұл ойымды барлық дәстүрлі орындаушылар мен дәстүрлі өнерге жаны ашитын барша көрермен қолдайды. Қазағымның дәстүрлі өнеріне қызмет етіп жүрген жан ретінде мұндай жобаның ашылуына көмек керек болса, біз дайынбыз. Сізден сұранатыным, Ұлттық арна деген атына сай Ұлттық арнамыз Ұлттық дүниені насихаттаса екен! Құрметпен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова", – делінген ашық хатта.