Кенжебек Мейрамбек Бесбаевтың домбырасын не себепті көтеріп жүретінін түсіндірді
Ұлық болсаң, кішік бол! “Музарт” тобында жүргеніне 14 жыл болса, Кенжебек Жанәбілов кішіпейілділікті жанына ту еткен. Ол өзін өнер көшіне ілестірген ағаларының алдында мәңгі қарыздар екенін біледі. Олардан ешқашан асып түспейді немесе жолын кеспейді. Тіпті, жүрген жерінде Мейрамбек Бесбаевты домбырасын көтеріп жүреді екен.
Бұл туралы Кенжебек Hit-TV арнасының “Кездер-ай” бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.“Мейрамбек ағамыздың домбырасын кез келген жерде ұстап жүремін. Әуежайда, басқа жерде болсын. Сонда адамдар: «Неге ұстап жүресің? Әлде қорыққандықтан ба? Қазір «Музартқа» еңбегі сіңген азаматсың ғой» деп жатады. Енді 13 жыл деген де оңай емес. Мен айтамын, неге ұстамасқа? Сол домбыраны ұстауды армандап жүрген қаншама өнерпаздар бар?! Одан менің дәрежем түсіп қалмайды не болмаса кішірейіп қалмаймын. Керісінше көтерілмесе?! Қазір, шыны керек, үшеуміздің де дәрежеміз бірдей деп ойлаймын.
Барған жерімізде жоғарыға шығыңыздар деп жатады. Бірақ қаншалықты жоғарыға шығарып жатса да, менің бір әдетім, төменде отырамын. Ол кісілер де кішіпейілділікті жақсы біледі. Бірақ қонақ боп барған соң жоғарыға шығаратынын біледі де, бірден шығып кетеді. Мен төменде отыра беремін. Өзіме сол ыңғайлы. Кейінгі кезде достарымның үйіне болсын қонаққа барғанда, құрметі басқа екені сезіледі. Өзім де біртүрлі болып қаламын, мен осындай дәрежеге жетіп қалдым ба деген сияқты”, – дейді Кенжебек ағынан жарылып.
Жанәбілов топқа келгеніне 14 жылға жуықтаса да, әлі күнге дейін ең алғаш келген кездегідей сезінетінін айтады. Алайда бүгінде есейген, тәжірибе жинақтаған Кенжебек топтағы ағаларына жұмысқа қатысты өз пікірін ашық айтады екен.
“Киімге, әнге келген кезде әрине мен де өз пікірімді айтып отырамын. Ән ұнамаса болмаса киімге бірдеңе қосу керек болса, өз ойымды білдіремін. Тек екеуінің ғана әңгімесі жүре бермейді ғой. Менің де келгеніме 14 жыл болды. Бірлік бар жерде тірлік бар деген сөз бекер айтылмаған ғой. Сен ананы былай істе, мынаны былай істе демейді. Олар да менің қас-қабағыма қарайды деп ойлаймын”, – дейді Кенжебек.