» » Төрт түлікті көбейткен

Төрт түлікті көбейткен

Қазіргі таңда елімізде төрт түлік мал ұстап өсіруге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Яғни, мал басын көбейту мақсатында «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында қаржылай несиеге қол жеткізіп, кәсіп көкжиегін кеңейтуге болады. Иә, ата кәсіппен айналысып жүрген азаматтар ауданымызда аз емес. Солардың қатарында Таң ауылындағы Кенжебек Доспанов та бар.

Ауыл орталығындағы мектепті үздік оқып бітірген Кенжебек сыныптастарымен бірге оқу іздеп, әр қалаға шапқыламады. Өйткені, оған өзінің туып өскен жері қымбат, мектеп бітірген түлектердің барлығы білім, ғылым, өнер қуып жыраққа кетсе, туған ауылды кім түлетеді? Сондықтан ол туған жерінде қалып еңбек етуге бел буды. Алғашқы жылдары шаруашылықтың маусымдық жұмыстарына араласып, еңбек етті. Кейін күріш егіп диханшылық кәсіппен айналысты. Егіс алқабында еселі еңбек етіп, Сыр салысын агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптап өсірді. Соның нәтижесінде бірнеше жыл қатарынан жоспарлы өнім жинап, еңбек озаттары сапынан көрінді. Туған ауылының өсіп-өркендеуіне үлесін қосқан азамат адал еңбегінің арқасында абыройға бөленді.
Туған жері Таң ауылынан Жалағаш кентіне қоныс аударған Кенжебек уақыт талабына орай кәсіпкерлікке бет бұрды. 2006 жылы «Доспанов К.С.» жеке кәсіпкер есебінде аудан, ауыл орталығындағы ауруханаларды ет, сүт секілді азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етті. Сонымен бірге аудан орталығынан азық-түлік дүкенін ашып қызмет көрсетіп келеді.
«Адамды адам еткен еңбек» деген сөз оның өмірлік ұстанымы болды. Сүйіп істеген іс шаршатпайды. Жақсы жұмыстан жан рахат табады. Ауылдың тіршілігін көріп өскен Кенжебек шаруаға бейім болатын. Содан да болар мал шаруашылығымен айналысуды мақсат етіп, еңбек жолын жалғастырды. Сөйтіп туған ауылға бет бұрып, жұмысты жаңадан бастауға тура келді. Туған елдің сенімі де үлкен күш беріп, жаңа іске жігерлендіреді екен. «Егін ексең, шығарыңды майла, мал өсірсең, қонысыңды сайла» деген бабалардан қалған сөз бар. Ауылға жақын «Сарыкөл» телімінен қонысын сайлап, мал қорасын салды. Ерінбей ізденіп жүріп мал алып өсірудің қаржылық сметалық жобасын жасады. Сөйтіп, 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен «Агронесие коорпарациясы» АҚ-нан 12 миллион теңге несие қаржы алуға қол жеткізді. Сол қаржыға 4 бас «қазақтан ақбас» асыл тұқымды бұқасы мен 80 бас жергілікті мүйізді ірі қара малын сатып алған болатын. Бұл күндері бағуындағы мүйізді ірі қара малы 225 басқа жетіп отыр. Өткен жылы «Алтын асық» бағдарламасымен «қазақтың ірі қылшық жүнді» асыл тұқымды 7 бас қошқары мен жергілікті 190 бас қойын сатып алды. Сондай-ақ кәсіпкер жылқы малын да бағады. Айта кету керек, қожалықта 3 адам жұмыспен қамтылған.
– Қазір қыс айында «Сарыкөл» телімінде малдарға қарап, күтім жасаймын. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама аясында түйе малын алып өсіруді қолға алмақпын, – дейді кәсіпкер.
Сонымен бірге жеке кәсіпкер К.Доспанов ауылда өткен қайырымдылық акциясына өз үлесін қосып келеді. Өткен жылдың соңында ауылдағы мешітке 80 мың теңгенің заттарын алып беріп, демеушілік жасапты. Әр адам ұшқан ұясын ұмытпай, қамқорлық жасаса, алтын бесік ауылдың гүлдене түсері анық. Ел сенімін арқалаған ауыл азаматының төрт түлік мал өсіріп, ата кәсіпті абыроймен жалғастыра беруіне тілектеспіз.

С.Бертаев.

03 ақпан 2018 ж. 1 373 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 680

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031