» » » Мәдениет – қоғам келбетінің айнасы

Мәдениет – қоғам келбетінің айнасы

Өз алдына егемендігін алып өтпелі кезеңді басынан өткізген Тәуелсіз Қазақстан бүгінде экономикасы өркендеп, болашаққа нық қадам басып келеді. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында рухани жаңғырудың мақсаты мен маңызын айқындап берді. Осы бағдарламалық мақаласында ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайтынын және туған жерге оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша атсалысу, шынайы патриотизмнің көрінісі екенін айтты. Шынымен де мәдениет қоғам келбетінің айнасы. Рухани құндылық, яғни адами асқақ рух бар жерде кез келген тығырықтан шығуға болады. Өнері өркендеп, мәдениеті гүлденген рухы мықты елдің қашан да келешегі жарқын. Олай болса халықтың рухани айнасы мәдениет пен өнер саласында қандай жаңалықтар бар? Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Таңатар Доспановпен сұх­бат­тасып, ой бөлісуді жөн көрдік.

– Кез келген нәрсенің тарихын білмей болашаққа болжам жасау мүмкін емес. Аудандық мәдениет бөлімінің тарихына қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– Жалағаш аудандық мәдениет бөлімі 1939 жылы құрылып, алғашқы клуб меңгерушісі В.Г.Шульгино мәдени көпшілік жұмыстарын ұйымдастырушы болған екен. Келер жылы аудандық мәдениет бөлімінің құрылып, қызмет ете бастағанына 80 жыл толады. Өткен ғасырдың күрделі кезеңдерін халықпен бірге өткізген мәдениет саласы қызметкерлері жос­парлы түрде жұмыстар жүргізіп келеді. 1962 жылы Жалағаш ауданы таратылып, Қармақшы ауданына қосылуына байланысты аудандық клуб ауылдық клуб дәрежесінде жұмыс жасады. 1965 жылы Жалағаш ауданы болып құрылуына байланысты аудандық мәдениет үйі болып қайта аталды. Аудандық мәдениет бөлімін әр жылдары басқарған Рахия Жәнібекова, Болатбек Дәуренбеков, Сүйіндік Қоқымбаев, Қайыр Тәжіғалиев, Нәзтай Сермаханова. Төлеген Сүлеев, Байділда Сәрсенов, Камбуз Бердаулетов, Алма Қойшығұлова, Талғат Мусаев, Гүлнар Диханбаева, Тұрақ Ахетов, Райхан Әзбергеновалар заман талабына сай қызмет етіп, аудан мәдениеті мен өнерінің өсіп өркендеуіне үлестерін қосты. Аудандық мәдениет бөлімінде 7 Мәдениет үйі, 9 клуб, 18 кітапхана, тарихи-өлкетану мұражайы, мәдениет және өнерді дамыту орталығы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Мәдениет үйі жанында «Алтын арай», «Қызғалдақтар» халық ән-би ансамблдері, халық театры, «Арай» мәдени үгіт тобы және жылжымалы мәдени демалыс кешендері жұмыс жасайды.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қабылданған бағдарламалар бойынша қандай іс-шаралар жүзеге асырылды?
– «Туған жерге саяхат» кіші музейлік туризм жобасы бойынша аудан көлемінде орналасқан тарихи-мәдени орындардың экскурсиялық жол картасы әзірленді. Осы экскурсиялық жол картасына сәйкес аудандық тарихи- өлкетану мұражайы Түмен әулие, Беркінбай кәлпе, Бұқарбай батыр кесенелеріне, Домалақ, Қосабалы, Үңгірлі асар ескерткіштеріне және Жент қалашығына тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастырды.
Өлкетану бағытындағы бұл экскур­сия­ларға мектеп оқушылары, жастар, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тартылды.
Сонымен бірге аудандық тарихи-өлкетану мұражайы жанынан «Мирас» клубы жұмыс жасауда. Клубтың негізгі мақсаты – жас өлкетанушылар қатарын қалып­тастыру.
«Рухани қазына» кіші бағдар­лама­сын­дағы басым бағыттардың бірі «Цифрлы Қа­зақстан» жобасы. Бұл жобаға сәйкес виртуалды анықтама, веб-сайт арқылы кітапхана сайтына кіріп қордағы әдебиеттер мен іс-шараларды қашықтықтан оқып отыруға мүмкіндік жасалған. Қазіргі кезде санды форматтағы әдебиеттерді пайдаланушы жастардың саны 2160-ты құрап отыр. Қазіргі заманғы кітапхананың негізгі міндеті қоғамның ақпараттық мәдениетін, кітап оқуға, тілдерге, отандық тарих пен мәдениетке тұрақты қызығушылығын қалып­тастыру болып табылады. Осы бағытта «Оқитын өлке» жобасы іске асырылып, жергілікті авторлардың еңбектерін насихаттау арқылы жастардың бойына ұлттық рух, рухани мәдениет қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
«Мобильді кітапхана» жобасы да жастар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Жүргізілген мониторинг бойынша аталған жобаларға жастардың қатысуы белсенді. «Оқитын өлке», «Мобильді кітапхана» жобалары бойынша жалпы пайдаланушылар саны 455 болса, оның ішінде 335-і жастарды құрап отыр.
– Өткен жылы ашылған айтыскер ақындар үйірмесі жұмысының нәтижесі қандай?
– Мәдениет және өнерді дамыту орталығы жанынан ақындық таланты бар жас буынды суы­рып салмалыққа, шешендік өнерге тәр­биелеу мақсатында Әбілда Жүргенбаев атындағы айтыскер ақындар үйірмесі құрылған болатын. Бүгінгі күні осы үйірменің жеткіншектері үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Үйірменің жас айтыскер ақыны Жақсылық Ешмұрат Астана қаласының 20 жылдығына орай Қармақшы ауданында өткізілген «Алтын тұғыр – Ақ орда, арайланған Астанам» атты жас ақындар айтысында жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сонымен бірге Қызылорда қаласында өткізілген «Ұлы дала сазы» атты республикалық байқауда Сисенбай Индира жеңімпаз атанып, Сочи қаласында өтетін Халықаралық байқауға жолдама алып отыр. Ауданнан шыққан талантты жас өнерпаздары былтырғы жылы облыстық байқаудан 17-ші жүлделі орын алса, республикалық байқауға 11 өнерпаз қатысып, 1 бас жүлде, 7 жүлделі орынды иеленді. Халықаралық 2 байқауға ауданнан 6 өнерпаз қатысып, 7 жүлделі орынға ие болды. Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің жастары «Жалынды жастар – жарқын болашаққа» тақырыбында 5 елді мекенде сапарда болып, ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсетті. «Көне аспаптар сыр шертеді» ұлттық аспаптар орындаушыларының жастармен кездесу кеші, «Өнерлі өңір – аймақтар аламаны» байқаулары өткізіліп келеді.
– «Туған жер» бағдарламасы аясында жас­тардың тарихи-мәдени орындарға саяхаттарын ұйымдастыру мақсатында қандай тарихи орындар белгіленді? Биылғы жылы қанша жас туған жеріндегі тарихи орындарды көзбен көріп, таныса алады?
– Аудан аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштеріне тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастыру мақсатында арнайы 5 бағыт белгіленіп, экскурсияның жол картасы мен карта-схемасы әзірленді. Атап айтқанда, бірінші бағытқа Ақсу ауылы көлеміндегі Беркімбай кәлпе кесенесі, екінші бағытқа Шәменов, Қаракеткен ауылдық округтерінде орналасқан Түмен әулие, Бұқарбай батыр кесенесі, үшінші бағытқа Бұқарбай батыр мен Мәдениет ауылдық округтері көлеміндегі ескерткіштер, төртінші бағытқа Таң ауылдық округі көлеміндегі ежелгі және ерте ортағасырлық Қаңлы мемлекетінен қалған қала- қорғандар, бесінші бағытқа Аққыр ауылдық округі кө­леміндегі ортағасырлық Жент қаласының құландысы енгізілді. Өткен жылы 53 жас ауданымыздағы тарихи орындарында болса, биылғы жылы 100-ге жуық жасты өлке тарихымен таныстыру жоспарлануда.
– Аудандағы мәдениет үйі жанын­дағы үйірмелердің материалдық базасы қандай? Жастардың бос уақытында рухани демалысын өткізуге арналған қандай орындар бар?
– Мәдениет саласы бойынша 75 үйірме жұмыс жасайды. Соның ішінде жастардың мәдени-демалысын ұйымдастыру және ұлт­тық өнерді насихаттау бағытында аудандық мәдениет үйі жанынан «Балдәурен» балалар ән-би студиясы, продюсерлік орталық, қуыршақ үйірмесі, фольклорлық және вокальды аспаптар ансамбльдері бірігіп жұмыс жасауда. Сонымен қатар Далдабай ауылдық клубы жанынан «Қыл қобыз» үйірмесі, Мәдениет және өнерді дамыту орталығы жанынан ақындар үйірмесі, жыршы-термешілер үйірмелері және ән-би, баян, домбыра т.б. үйірмелер жұмыс жасауда. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында былтырғы жылы біршама жұмыстар жасайды. Дегенмен де жаңадан ашылған үйірмелерге қобыз, домбыра, баян аспаптарын алуды қажет етеді.
Жалпы мәдениет саласын дамытуға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, көмек көрсетіліп келеді. Өткен жылы мәдениет саласына жергілікті бюджеттен 33068,3 мың теңге қаржы бөлініп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Биылғы жылы аудан әкімінің қолдауымен аудандық мәдениет үйіне төсеніш кобралан, сахналық киім-кешектер жаңадан сатып алынды. Сонымен бірге биылғы жылдың екінші тоқсанында «виртуальды тур» бағдарламасын іске асыруға және 1 режиссер штат бірлікке қаржы бөлу жоспарланып отыр. Мәдениет саласының басқалардан ерекшелігі өнер адамдарының әрбір қадамы халықтың көз алдында. Сондықтан өнердің әділ бағасын халық береді. Мәдениет мекемелерінің басшылары бәрі де тәжірибелі өмірден көргені мен түйгені мол азаматтар. Мереке қарсаңында бөлімнің бас маманы Б.Дүйсенбиева, аудандық Мәдениет Үйінің директоры А.Қожанияз, аудандық орталық кітапхана директоры Ұлмекен Меңдібаева, аудандық мә­дениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ғ.Сүлейменов және өркениет кемеліне жетелейтін мәдениет пен өнер саласында қызмет еткен ҚР Мәдениет қайраткерлері Т.Мәдиев, Б.Төлегенова, Р.Боранбаева, Р.Отызбаева, М.Бимановалар секілді ардагер аға-апаларымыздың есімдерін құрметпен атап өткім келеді. Мәдениет саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, отбасыларына аманшылық, құт-береке тілеймін.

Сұхбаттасқан Серік Бертаев.
22 мамыр 2018 ж. 1 599 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930