«Славян базарында» Роза Рымбаева мен Димаш Құдайберген төрелік етеді Беларусьтің Витебск қаласында өтетін «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде Қазақстан намысын «Әміре» атымен белгілі - Ернар Садырбаев қорғайтын болады. Ол Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» өзгеше сипатта орындамақ. Бұл туралы әнші Астанадағы Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Роза Қуанышқызы мен Димаш Құдайбергеннің «Славян базарына» төрелік етуі маған қолдау болары анық. Байқауға үш айдан бері дайындалудамын. Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» байқауда өзгеше стильде орындаймын. Екінші ән - Раймонд Паулстың «Подберу музыку» әні. Ол әнді екінші күні оркестрмен бірлесе орындаймыз. Үшінші ән - рок-опера Моцарт мюзиклынан француз тіліндегі ән болады. Әнді өңдеу жағынан болсын, музыка жағынан болсын, сипат тұрғысынан да дайындық жақсы. Роза Қуанышқызы айтқандай, ең бастысы ішкі дайындық керек. Актерлық шеберліктің де қыр-сыры түсіндіріліп жатыр», - дейді Ернар Садырбаев.Айта кетсек, «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі Беларусь мемлекетін дүниежүзіне танымал етті. 1995 жылдан бастап фестиваль Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконың жеке қолдауымен халықтар арасындағы мәдени диалогтың қалыптасуына ықпал етіп келеді. Фестиваль күндері дәстүрлі түрде одақтас мемлекеттер күні, Беларусь, Ресей, Украина елдерінің өнер иелерінің гала-концерті, «Шекарасыз фестиваль», «Театр кездесулері», «Жұлдызды сәт» бағдарламалары өткізіледі.Аталған фестивальде Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева мен Димаш Құдайберген төрелік ететін болады.http://www.syrboyi.kz Жаңалықтар / Мәдениет 02 шілде 2018 ж. 1 032 0