42 күнде 78 рет ұшаққа мінді: Димаш өзі қай жерде тұратынын ұмытып қалған секілді
Әр күні минутына дейін жоспарланған Димаш Құдайберген жұмыс бабымен шетелді көп аралайды. Халық арасында “Қытайда жанкүйерлері көп болған соң, Димаш Қытайға көшіп кеткен екен” деп айтушылар да бар. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне осы жайында өз пікірін білдірді.
Димаш Құдайберген тек Қазақстанда емес, әлемде эконимикасы мықты дамыған елдерде концерт қояды. Өз еліңнен бөлек, шет мемлекетте бірге жұмыс істей білу — әркімнің қолынан келе беретін дүние емес.
“Димаш бір күні Пекинде, екінші күні Америкада жүреді. Өткен жолы ол 42 күнде 78 рет ұшаққа мінді. Жақында ғана Германия, Италия, Ресей мемлекеттеріне барып қайттық. Қытайға барып, қайтып келді. Қазір Димаш өзі қай жерде тұратынын ұмытып қалған сияқты (күліп). Ол осы елдің баласы. Қазақстанның туын көтеріп, елдің атынан талай жерлерге, көптеген өнер додаларына барып қатысты. Қай жерде де қазақ жерінің аты аталып, қазақтың туын көтеріп жүрсе, біз үшін ең үлкен жеңіс сол”, — дейді әншінің әкесі.
Димаш Құдайберген басқа мемлекеттерге жұмыс бабымен көп саяхаттайтын болса да, Қазақстанды бәрінен де жақсы көретінін іс-әрекеттері арқылы бірнеше рет дәлелдеген.
Stan.kz