Қайрат Нұртастың інісі «Үздік орындаушы» атанды
2018 жылғы Еуразиялық музыка жүлдесі тосын-сыйға толы болды. Атышулы Ninety one тобы бұған дейін болмаған номинацияны еншілесе, ағасымен бірге ағылшынша ән шырқаған Заңғар Нұртас “Үздік орындаушы” атанды.
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Биыл ЕМА жүлдесі отандық жұлдыздарға Астана төрінде табысталды. Бұл күні қазақстандық шоу-бизнес жұлдыздары 15-тен аса жүлдені сарапқа салды.
Жастардың сүйіктісіне айналған 91 тобы биыл екі бірдей жүлдені қанжығаға байлады. Атышулы бестіктің “Аяма” атты бейнеклипі үздік деп танылғанымен қоймай, 91 бұған дейін болмаған номинацияны жеңіп алды. Атап айтқанда, «Үздік кью-поп әртісі» аталымы 91 тобына бұйырды.
“Кью-поп бағытына 3-ақ жыл болды. Бірінші қыркүйекте 3 жыл болуы керек. Жалпы кью-поп бағыты мойындалып, оған ресми түрде номинация ұсынылуы бізді өте қатты қуантады. Кью-поп бағытын шынымен де бар деп біз айта аламыз”, – дейді 91 тобының жігіттері.
Сондай-ақ, КешYou тобы мен Baller-дің бірлескен жұмысы “үздік дуэт” деп танылса, Кәмшат Жолдыбаева қыздар арасында “үздік орындаушы” атанды. Аталған номинацияға Жолдыбаеваның экс-топтастары Жанар Дұғалова мен Айдана Меденованың да үмітті болғанын айта кетейік.
Ал ерлер арасында “үздік орындаушы” аталымы әдеттегідей Қайрат Нұртасқа бұйырды. Хитмен биылғы жүлдесін ізінен ерген інісіне табыстады.
“Заңғарға айтарым, барлығы Алланың қалауымен. Сондықтан алға баса бер. Тыңдайтындарды тыңда, тыңдамайтындарды тыңдама!” – деп бауырына деген тілегін жеткізді Қайрат Нұртас.
Stan.kz