Тұңғышбай Жаманқұловтың халқына айтар "Даты" бар
Қазақстанның халық әртісі "Дат" деп аталатын театр ашты.
Мұндай қуанышты жаңалықты халық әртісінің шәкірті Асқар Наймантаев өзінің фейсбук парақшасында бөлісті. "Жаңалық деп осыны айт" деп қуанған Асқар Наймантаев жазбасында Тұңғышбай Әл-Таразидің жеке театр ашып, оған «ДАТ!» - деп атау бергенін айтады. Сондай-ақ, аталмыш театрдың алғашқы сахналық қойылымы Қолғанат Мұраттың «Қуыршақтар» атты психологиялық моноспектаклі болатынынан да хабардар етеді. "Өнердің хас тарланы бұқпайды, бұғынбайды. Ұстанымы адалдық пен шындық болса іштегі шер-шеменді өнерімен тарқатады, сахнада шырқырайды, ширығады! Өр тұлғалы өнер адамы - Тұңғышбай ағамыз халқына датын айтып, шерін тарқатпақ. «Қуыршақтардың» бет пердесін ашып, көңіл кірбіңін сейілтпек. Бұл қойылымның ең алғашқы көрермені болғалы отырған Тараз қаласы тұрғындарының маңдайының бағы бес елі екен! Қыркүйектің 20, 21-күндері, сағат 18.30-да, Жамбыл облыстық театрының сахнасында Тұңғышбай әл Таразидың «ДАТ!» театры гастрольдік сапардың шымылдығын ашады! Елең еткен ел жақсылары барып, көріңіздер, пікірлеріңізбен бөлісіңіздер. Қазақ өнерінің дарабозын жабырқатпайық, жаңалығын жұртқа жайып, жар салайық!" деген шәкірт сөз соңында ұстазына тілеулес екенін білдіріп, сәттілік тілейді.
Фото Асқар Наймантаевтың фейсбук парақшасынан алынды.
ERNUR.KZ