» » » «ЖАН ДАУА» – ЖАНҒА ДАУА

«ЖАН ДАУА» – ЖАНҒА ДАУА

Драматургтің шығармасы не мықты, не әлсіз болуы мүмкін. Мықты дүниенің мүмкіндігі төмен болып, ал әлсіз шығарманың шырайланып шыға келуі режиссерге тікелей байланысты. Өйткені, ол автордың шығармасына қан жүгіртіп, жан бітіреді. Ең бастысы – көрермендерді разы қылып, өнерге, өмірге деген құлшынысын оятады.
Болат Ұзақов – драматург. Ол уақытқа үн қоса алатын, заман бейнесін қаз қалпында көрсетіп, көрерменге ой сала білетіндер қатарынан. Әсіресе, оның «Жан дауа» деп аталатын психологиялық драмасы дәл қазіргі заманның, көпшіліктің көкірегінде жүрген өзекті ойды дөп басады.
Жуырда Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Халық» театры сахналаған «Жан дауа» психологиялық драмасын көріп, терең ойға кеттік. Олай дейтініміз, бұл шығарма қоғамдық кеселмен күрестегі адамзат баласының ауыр тұрмысын бейнелейді. Бұл кесел – осы заманның құтын қашырған, талай жанұяның шаңырағын шайқалтып, небір өрімдей жастардың өміріне балта шапқан, қоғамға зор зиян әкелген нашақорлық. Туындының авторы ғасыр індетінің шын бет-бейнесін жалаңаштап көрсетіп, бүтіндей бір отбасының ауыр тағдырын көз алдыңызға әкеледі. Ендеше шығарманың өрбуіне аз-кем назар салсақ...
Алтын бесік ауылында, ағайынның арасында тату-тәтті, берекелі тұрмыс кешіп отырған әке-шешесін ұлы мен қызы қалаға көшіріп әкеледі. Қаланың қыз-қыз қайнаған қым-қуыт өмірі, тар көшелерде нанталаптың қамымен ары-бері жүрген адамдар жасы келген ата-анаға арғымақтың үстінде, туған жердің төсінде алаңсыз күн кешкен күндерін аңсатады. «Қайырлы бала қамқоршың, қайырсыз бала қасіретің» демекші, Алладан сұрап алған жалғыз тұяғынан көрмеген қорлықтары қалмайды. Ай сайынғы зейнетақыларын берсе қолынан, бермесе жолынан алып, апталап жоғалып, егде жастағы әке-шешесін әбден әлекке салады. Ал, қыздары болса ағасының айтуымен есірткі қабылдап көріп, қайта дер кезінде тұрмысқа шыққалы жүрген жігіті емдетіп, нашақорлық дертінен аман қалады. Қысқасы, қойылымның негізгі ойы – нашақор ұлдың кесірінен берекесі қашқан, трагедиялы отбасының өмірін көрсету. Ал, аудандық «Халық» театрының әртістері автордың айтар ойын, шығарманың көздеген мақсатын дөп басып, түйінін тарқатты десе де болады. Айта кетейік, спектаклге режиссерлік жасаған – Әсет Шілдебаев.
– Театр әртістерінің қойылымы көңілімнен шықты. Өнерпаздар туындының айтар ойын, негізгі мақсатын дәлме-дәл жеткізе білді. Мен біздің ауданда да осындай талантты, жан-жақты өнерпаздардың барына қуанып отырмын. Жұртшылық әртістердің өнерін, драматург Болат Ұзақовтың шығармасын көруге асыққаны көрініп тұр. Себебі, жиналған көрермен көп. Олар да өз ризашылықтарын білдіріп, қошеметтеп жатыр. Алдағы уақытта театр әртістерінің қойылымдарын асыға күтетін боламын, – дейді көрермен С.Жалбырова.
Иә, талантын өнермен ұштастырған театр әртістерінің актерлік шеберлігі, сахна мәдениетін сақтаудағы біліктіліктері, өздеріне берілген кейіпкердің портретін аша білуі көзі қарақты көрерменнің өнерге деген қызығушылығы мен құрметін арттыра түскендей.


07 наурыз 2018 ж. 1 270 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 707

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031