Дәурен Абаев мемлекеттік тапсырыспен түсірілген сериалдарды атады
Журналистерге отандық сериалдардың қандай талаптарға сай, қандай жанрда, қандай тақырыпта түсірілгенін айтқан Дәурен Абаев өткен жылы отандық арналарда мемлекет тапсырысымен қанша сериал түсірілгенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Өткен жылы «Қазақстан» арнасы – 15, «Хабар» арнасы – 13 және жекеменшік арналар – 12 сериал түсірді. Бұл сериалдардың бірнеше бағыты болды. Мәселен қоғамның әлеуметтік тұстары, отбасылық құндылықтар мен береке мен бірлікті насихаттап, халқымыздың мол тарихы мен дәстүрін де көрсетуге тырыстық» - деді министр.
Сонымен қатар министр аталған арналардағы ең басты деген сериалдарға тоқталды.
«Хабар» арнасы «Батырлар жолы» атты 17-ғасырдағы қазақ халқының ерлік рухын дәріптейтін тарихи телесериалды; «Қазақстан» ұлттық арнасы алашорда үкіметі тұсындағы алаш қайраткерлерінің өмірін көрсететін «Тар заман» сериалын; ал «Астана» арнасы 60 сериядан тұратын «Асыл арман» мелодрамасын; КТК арнасы шытырман оқиғаға құрылған қазақстандық арнайы жасақтың терроризммен, экстремизммен күрес жолын дәріптейтін «Красный уровен» сериалын көрсететін болады» - министр.
Ержан Жаубай