"Өзі продюсер, өзі актриса": Ерке Есмахан фильмінің тұсаукесерін қалай өткізді? (фото)
Әр басқан қадамы елдің қызу талқысына түсіп отыратын отандық танымал әншілердің бірі Ерке Есмахан күні кеше өзі продюсерлік еткен "Махаббат кафесі" фильмінің тұсауын кесті. Алматыда өткен киноның жабық көрсетіліміне шоу-бизнес өкілдері мен қала әкімі Бауыржан Байбек келді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
"Erke Esmahan Impire" атауымен production ашып алған әнші өзінің тырнақ алды туындысын алдымен БАҚ өкілдері мен өнер адамдарына көрсетті.
Досхан Жолжақсынов, Ақан Сатаев, Тоқтар Серіков, Жанболат пен Жазира, Мадина Сәдуақасова, Ғаділбек Жаңай, Нұрболат Абдуллин, "Өнер қырандары" сынды танымал тұлғалар мен әншілердің бәрі Еркенің қуанышына ортақтасу үшін Esentai Mall-дың кинозалынан табылды.
Олардың көбісі фильм көрсетілімі аяқталған соң өз әріптестерін құттықтап, мақтаумен болды. Кино туралы жақсы пікірлерін білдірген әншілер "қазақ киносының қоржыны толыға берсін" деген тілектерін де айтты.
Сондай-ақ, кино саласына бет бұрған қызына қолдау көрсету үшін Ақтөбеден әншінің анасы да арнайы келген.
25 күн бойы Шудың бойындағы кафелердің бірінде түсірілген фильмде бас продюсер ханымның өзі басты рөлді сомдайды.
"Барынша ауылдың қарапайым қызын сомдауға тырыстым. Түсірілім барысында қиыншылықтар болды, жасырмаймын. Бірақ режиссер Асқар Ұзабаев бағыт-бағдар беріп, көмектесіп отырды. Кинода менің ғашығымды Шәріп Серік есімді актер ойнайды", - деген Ерке әрі қарай да кино түсірумен айналысып, біраз еңбек ететінін айтып қалды.
Айта кетерлігі, фильмде өзге де отандық комедияларда танылып үлгерген Әбунасыр Серіков, Дариға Бадықова, Саттар Ерубаев есімді актерлар бой көрсеткен.
"Ерке аз ақша төлемеді" деген олар аталмыш кинокартинада тапқан табыстарының мөлшерін БАҚ өкілдерінен жасырып қалды.
https://kaz.nur.kz