Ерке Есмахан: Кейде сенім артқан адамың бір-ақ күнде бөтен жанға айналады
Ерке Есмахан желідегі оқырмандарына жан сырын ақтарды. Ол өмірден алған тәжірибесімен бөлісіп, бір кездері жақын болған адамның бір-ақ күнде бөтен жанға айналатынын атап өтті, деп хабарлайды Stan.kz.
“Түсінгенім, жаман адам болмайды. Шебер Жаратушымыз әр адамды өзінше жақсы етіп жаратқан. Тек кей жандардың мінезі, ойлау қабілеті, қабылдауы, түйсігі мен түсінігі мүлдем басқаша болады! Екі адамның ойы бір-бірімен үйлесім таппаса, арада жақындық, достық, қарым-қатынас болуы мүмкін емес. Ал ойы бір жерден шыққан адамдар керісінше, бірін бірі алға сүйреп, жақсылығын арттырып, жаманын жасырып отырады.Кейде өмірімізден маңызды орын алған, қуанышыңды бөлісіп, мұңыңды шағып, шынайы сенген, ортақ жоспар құрған адам бір күнде бөтен, алыс адам боп шыға келеді. Ұмыта алмау, өкініш, қимастық, сағыныш болады. Алайда, өмір жалғасып жатыр. Кеше жақының болған жан өміріңнің бір “кезеңі” боп артта қалады. Жаңа “кезеңге” жол ашу керек. Өткен есік толық жабылғанда ғана өмір жаңа есік ашып береді!
Маған жаңа шабыт келді, қанат бітті… Шығармашылығымда да, жеке өмірімде де жап-жаңа жағымды жайттар орын алып жатыр. Ертеңімнің бүгіннен күшті боларына әрқашан сеніп келем. Солай болып та жүр! Сіздер де сеніңіздер! Жақсы көрем!” – дейді Ерке Есмахан.