Самал Еслямова түскен фильм Германияда гран-приге ие болды
Қазақстандық актриса Самал Еслямова басты рөлді сомдаған «Айка» фильмі Германияның Котбус қаласында өткен 28-інші халықаралық кинофестивальде гран-приге ие болды.
Бұл туралы «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.Кинофестивальде бас жүлде үшін әлемнің 40 мемлекетінен 190 туынды бақ сынады. «Айка» фильмі гран-приден бөлек, әділқазылар сыйлығына да ие болды.
Фестиваль аясында екі көрсетілім өтті. Режиссер Сергей Дворцевой түсірген туынды германиялық көрермендерің жүрегіне жетіп, қайран қалдырды. Көрермендер қазақстандық актрисаның ойынының арқасында туынды жүрегін елжіреткенін мойындап жатты.
Еске сала кетсек, бұған дейін Самал Еслямова «Канн» фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» сыйлығын иеленген еді.
«Фестивальдерге бұрыннан қатысып жүрмін. Кинода жүргеніме де алғашқы жыл емес. Бұған сыйлық ретінде қарауға үйреніп кеттім. Алайда сыйлық алып жатсаң, бәрі-бір әрдайым көңіл қуантады. Бұл адамдардың біздің жұмысымызға берген бағасын аңғартады. … «Айканы» түсіруге дайындалып жатқанда, оны (ред. Самал Еслямова) міндетті түрде түсіру керек екенін түсіндім. Ол қырғыз болмаса да. Ал оған қырғыз қызын ойнап, тілді үйрену керек болды. Алайда мен оған сенімді болдым. Себебі Самал – үлкен дарын иесі», – дейді режииссер Сергей Дворцевой.
Stan.kz