Ешқашан актриса боламын деп армандаған емеспін – Самал Еслямова
Мен ешқашан актриса боламын деп армандаған емеспін. Бұл жөнінде бүгінгі өткен брифинг барысында күні кеше ғана Канн фестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алған қазақстандық актриса Самал Еслямова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Бірнеше күн болды, өте көп құттықтаулар мен қолдаулар келіп жатыр. Осы орайда, сіздерге деген алғысымды білдіргім келеді. Халқымның ықыласын сезіну – үлкен бақыт. Рахмет, халқыма, еліме. Мен Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданының Аралағаш аулында дүниеге келгенмін. Қазақ мектебінде оқыдым. Анам орыс тілді болғандықтан, мені орыс мектебіне бергісі келді. Неге екенін білмеймін, бірақ, мен сол алты жасымда «қазақ мектебіне барамын» дедім. Әкем маған көмектесуге уәде берді. Осылайша, мен қазақ мектебін тәмамдадым да, Петропавл колледжінің актер курсына оқуға түстім», - деді қазақстандық актриса.Самал осы уақытта театрда жұмыс істеп жүргенін, артынша Сергей Дворецкийдің «Тюльпан» фильміне кастингтен өткенін мәлімдеді.
«Одан соң, қазіргі Ресей театр өнері институтына (ГИТИС – агенттік ескертпесі) түстім. Себебі, маған колледжден кейін жоғары білім алу керек болды. Оқуды тәмамдаған соң Сергей Дворецкий мені өзінің екінші картинасына түсуге шақырды. Міне, біз алты жыл бойы картина аясында жұмыс жасадық. Сіздер әлі бұл картинаны көрген жоқсыздар, сол себепті оны талқылау біршама қиын. Кинода менің кейіпкерім туған сәбиін қалдырып кетеді және фильм соңына қарай баласын өзіне алған сәті мен үшін ең тебірентерлік сәт болды», - деді Канн фестивалінің жеңімпазы.
Сонымен қатар, Самал отбасылық жағдайымен де бөлісті.
«Мен әзірше тұрмысқа шықпағанмын, балаларым жоқ. Бұйыртса, болады деп үміттенемін. Қазір маған инстаграмм желісінде отырады екенсің деп айтып жатыр. Жоқ, мен Инстаграмға тіркелмегенмін. Менде тек Фэйсбук желісінде парақша бар. Жалпы, әлеуметтік желіні ұнатпаймын. Туыстарыммен, достарыммен, жалпы, жақындарыммен бетпе-бет, жүздесіп сөйлескенді ұнатамын», - деді актриса.
Самалдың айтуынша, ол бала кезде актриса болуды армандамаған. Оның қалауы басқа мамандық болған көрінеді.
«Біз «барлығы Алланың қолында» дейміз ғой. Шынында да осылай. Мен ешқашан актриса боламын деп армандаған емеспін. Менің арманым – журналист болу еді. Бұл расында да Алланың бұйрығы болып отыр. Колледжге түскеннен бастап маған актер мамандығы қызықты бола бастады. Мен бір рөлді алған сайын, ол адамның іс-әрекетіне не итермеледі, ол енді қалай өмір сүреді, не істейді деген сияқты мәселелерді өзім терең сезінуге тырысамын. Алдағы уақытта жан-жақты әрі қызықты рөлдерді ойнасам деген арманым бар», - деді қазақстандық актриса.
Еске сала кетсек, қазақстандық актриса Самал Еслямова 71-ші Канн кинофестивалінде үздік актриса аталымын жеңіп алды. Ол ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» картинасында басты рөлді сомдаған болатын.
Baq.kz
Baq.kz