Ренжитін дүние емес: “Жігіттер” тобы байқауға өкпелеген Әбдіжаппар Әлқожаға ақыл айтты
2018 жылы “Жыл таңдауы” байқауы өткен соң, кейбір отандық әншілер еңбектерінің бағаланбай қалғанын сөз етіп, байқау ұйымдастырушыларына реніштерін білдіріп жатты. Олардың қатарында “жыл таңдауына лайықты емес екенмін” деп, марапаттың тек қана фонограммашыл әншілерге бұйырғанын айтқан Әбдіжаппар Әлқожа да бар. Әншінің өнердегі әріптестерінің бір бөлігі оның ренішін орынды, ал екіншісі орынсыз деп тапты
Жігіттер тобының солистері Бағлан Әбдірайымов пен Айдар Тұрғанбек Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне осы жағдайға, байқауларға, қазақ өнеріндегі өзгерістерге, той бизнеске қатысты ойларын айтып берді.“Жыл таңдауын басынан аяғына дейін көрген жоқпын. Алайда, сондай байқауларға көңіл толмай қалса, өкпелеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Әбдіжаппар Әлқожа ренжіді-ау деймін. Жалпы, бұл ренжитіндей, шығармашылыққа түбегейлі өзгеріс енгізетіндей немесе оның шығармашылық қадамына кедергі келтіретіндей дүние емес еді. Оған осыны айтқым келеді”, — дейді Бағлан Әбдірайымов.
“Әнші басқалар фонаграмамен айтады деп сөз қозғау үшін өзі оны мүлдем қолданбауы керек. Біздің әншілер фонаграмамен айтқан және айтады да. Фонограмма да біреудің даусы емес, өз даусы ғой. Сондықтан солай әңгіме қозғаған дұрыс емес. Ал байқауларға көңілім толады. Ешқандай реніш жоқ. Өзім “Жыл таңдауында” халық кімді таңдағанын білмедім. Кезінде біз де қатысқанда ала алмадық. Бірақ биыл 15 жылдық жұмысымыз үшін еңбек сіңірген әртістер ретінде марапатталдық. Ең бастысы халықтың көңілінен шығу ғой”, — дейді Айдар Тұрғанбек.
Қазіргі таңда жарық көріп жатқан кейбір әндерде қазақ тілі бұрмаланып, сөз құдыреті жойылып бара жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Оның үстіне ұлт менталитетіне қайшы келетін шығармашылық туындылардың көптеп шығуы мәдениет деңгейін төмендетіп жіберуі мүмкін деген үрей халық алдында жүрген “Жігіттер” тобында да бар.
“Тәртіп керек. Сахналық мәдениет, сөздің мәдениеті бар. Осылар сақталуы қажет”, — дейді Бағлан Әбдірайымов.
Қазақ әндерінің арасында есте қалатын мәнді әндердің арасында, ырғағы құлаққа тез жатталатын, мағынасы жоқ әндер де кездесіп жатады. Той әндері сахна төрінде де, теледидар мен радио бағдарламаларда жиі орындалады. Бұны бір тыңдарман ұнатса, екіншісі мүлдем жақтыртпайды. Бірақ Айдар Тұрғанбектің айтуы бойынша, той әндерінің мұндай дәрежеге көтеріліп кетуінің өзіндік себебі бар.
“2000 жылдары біз шыққан кезде теледидар, радиодан тойдың әні берілмейтін. Ал бүгінгі күні бағдарламалардың көбісі тойдың әндерімен басталады. Негізі, телевидение байсалды дүниелердің құралы болып қалып, той мен концертті араластырмауы керек еді. Бірақ мұны да түсінуге болады. Себебі, қазір бізде той бизнес жүріп тұр. Әншілер тоймен ақша табады. Концерттен ақша таба алмайсыз”, — дейді ол.
Stan.kz