Димашпен кездескен жаңазеландиялық әжей қатерлі ісіктен айыға бастаған
Қатерлі ісікке шалдыққан жаңазеландиялық әжейдің өмірі Димаш Құдайбергенмен кездескен соң күрт өзгеріп кетті. Қазақстандық әншінің өнерін Youtube желісінен тамашалаған ол бірден Ақтөбеге аттануды жоспарлаған деп хабарлайды NUR.KZ.
Дарынды қазақ баласын көру үшін Қазақстанға ат басын бұрған Анита Рай Уорд туралы журналист Бибігүл Дәулетбек Instagram парақшасында жазған.
Бүйрегіндегі ісігі асқынып кеткен Анита әжей Димаштың Отанына келу үшін біршама уақыт дайындалған. Аты жаман аурудың салдарынан денесі ісінген әжей ұшаққа отыра алмасын түсініп, бірден жаттығуға кірісіпті.
Осылайша, бірнеше ай бойы жатпай-тұрмай дайындалған ол Қазақстанға Жаңа Зеландиядан ұшақпен алты ел арқылы өтеді.
Жасы алпыстан асқан Рой Уорд денсаулығы жарамаған соң, тоқтаған елдерден ем-дом алуға мәжбүр болған.
Қиындықтарға қарамастан сүйікті әншісіне асыққан әжей ақырында Ақтөбеге жетіп, Димашпен кездесу мүмкіндігіне ие болыпты.
Тіпті, ол әлемді аузына қаратқан қазақ баласына өз сыйлығын тарту етіп, Димаштың шаңырағына қонақ болып кеткен екен.
Фото: Видеодан кадр/ Youtube
Өз кезегінде Димаш та табынушысына ерекше алғыс білдіріп, домбыра сыйлапты. Әншінің жақындары жаңазеландиялық әжейді қонақжайлылықпен сыйлап, дастархан жайып күтіп алған.
Бір қызығы, Димаштың туған жерін, әкесі мен анасын, әжесі мен атасын, туған-туысқандарын көрген әжей еліне барғанында қатерлі ісіктің сараптамасы жақсы болып шыққан екен. Бұрынғыдай ауырмайтын көрінеді. Сол уақытта дәрігерлер де "Бұл қалай болғаны?" деп аң-таң болыпты.
Қазір Анита әжей Димашқа деген ризашылығын білдіріп, өз елінде әншінің фан-клубын ашқан.
Ол әрдайым: "Өмірімді өзгерткен Димашқа ырзамын" , - дейді екен.
Ал Рай Уордтың Қазақстанға келуі мен Димаш Құдайбергенмен кездесуі туралы қызықты видеоны жаңазеландиялық әжеймен әлеуметтік желіде танысқан аудармашы Жаннұр Жолдасхан жариялаған.
Ол Қазақстанға келген әжейдің қасында жүріп, барынша көмек көрсеткен.
https://kaz.nur.kz