“Шумахер” болатынмын: Қарақат Әбілдина не себепті көлік жүргізбей кеткенін айтты
Қарақат Әбілдина жастай көлік рөліне отырғанын айтады. Нәзік болмысымен елдің көңілін баураған Қарақатты бір кездері “шумахер” болды деп елестету қиын. Алайда әнші бір кездері рөлге отырса болды, жылдамдықты асырып, жүйткігенді ұнатқан екен.
Қарақат не себепті көлік рөліне отырмай кеткенін түсіндірді, деп жазады Stan.kz.
“Мен көлік рөліне алғаш 20 жасымда отырған екенмін. Кәдімгідей оқуын оқып, көлік жүргізу куәлігіне тапсырдым, себебі көлік жүргізу – үлкен жауапкершілік. 7 жыл стажым бар, достардың арасында “шумаxер” деп те атайтын. Жалындаған жастықтың лебі шығар, көлікті тез айдағанды жақсы көрдім. Ал бүгінде жүргізушімен жүремін”, – дейді Әбілдина.
Әншінің көлік тізгіндемегеніне 10 жылдан асыпты. Оның өзіндік себебі бар көрінеді.
“Машина теппегеніме 10 жылдан асты, себебі марқұм әкем қалаған жоқ. Қайтыс боларында біздерге батасын беріп, “Қызым, қауіп-қатерден аулақ болшы. Көлік жүргізбей -ақ қой, керек емес” деген еді.
Әкемнің бір ауыз сөзін жерге тастамай, содан бері рөлге отырған жоқпын. Марқұм әкем барлығын алдын ала көре білетін көрегендігі бар адам еді. Ата-ана баласының болып-толғанын қалайды ғой, бірақ қалай болғанда да бірінші кезекке қауіпсіздікті қояды”, – дейді Қарақат.
Болмановтар жанұясының тұңғышы 18-ді алқымдап, жігіттік жасқа жетті. Бүгінде Бекболат көлік тізгіндеуге құмар көрінеді. Алайда ата-анасы оның үнемі рөлде отыруына қарсы. Себебі:
“Біздің ұл да 18-ді толтырды. Көлік жүргізуді қаншалықты қалайтынын жақсы түсінеміз, бірақ қалауы сол екен деп көлік рөліне біржола отырғызуға болмайды. Жүргізуші куәлігін алу үшін оқып, жол ережелерін дұрыстап меңгергеніне көз жеткізген соң ғана тәуекел етпекпіз. Себебі, баланың қауіпсіздігі, амандығы – ең бірінші кезекте тұратын мәселе”, – деп түсіндірді Қарақат Әбілдина.
Stan.kz