Айгүл Иманбаева Сәбитпен бірге тұрған кезі мен өмірі жайлы кітап шығармақ
Айгүл Иманбаева енді жазушы атанбақ. Әнші әрі актриса ретінде танылған әмбебап әртіс өз өмірі туралы кітап жазуға кіріскен. Автобиографиялық туындыда Айгүлдің алғашқы махаббаты туралы да тарау болмақ.
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Иманбаева өмірден көргені мен түйгенін әлеуметтік желіде жазбайды. Есесіне оңашада отырып, қағазға түртіп қоюды әдетке айналдырған. Айгүлдің екі бірдей күнделігі бар екен. Алғашқысы жеке өмірінен сыр шертсе, екінші қолжазбасы – қоғамдағы өзекті тақырыптарды тілге тиек еткен. Ендігі мақсаты – жүріп өткен жолын бір кітапқа сыйдыру.
“Бәрі бар. Сатқындық, мұң, қуаныш, жас… Ол менің балалық шағым, ол менің отбасылық жағдайым, ол менің өмірге келгенім… Ең алғашқы пәтер алған кезім, ең алғашқы көлік алған кезім”, – дейді Иманбаева.
Сондай-ақ, актриса өнердегі құрбыларының өзіне демеу болған күндерін ұмыпастан кітабына қоспақ.
“Мәдинаның (Сәдуақасова – ред) тұрмысқа шыққандағы кезі. Осыдан 5 жыл бұрын. Соны оқып отырмын өткенде”, – дейді Айгүл.
Жасы 40-тан асқан Айгүлдің өмірде көргені көп. Ол жалғыз ұлы жайлы тарауды өндіріп жазып жатса керек.
“Әзірге баламның тақырыбына енді келдім. Ары қарай жалғаса береді”, – дейді Айгүл.
Ұлы жайлы сөз қозғағанда оның әкесін атап өтпеу мүмкін емес. Иманбаеваның тың туындысында – әншінің Сәбит Әбіхалықовпен өмір мен өнер жолындағы таныстығы және жанұялық ғұмыры толықтай қамтылмақ екен.
“Мен өз-өзімді алдамайтын адаммын. Сол себепті елді де алдамаймын. Не жаздым, соны шығарамын. Өйткені ол менің жолым, менің өмірім. Менің әнім, менің жырым. Қабылдасаңыз қабылдаңыз, қабылдамасаңыз қабылдамаңыз болады”, – дейді Айгүл Иманбаева.
Stan.kz.