Цой жайлы фильмнің алғашқы кадрлары
Ғаламторда Кирилл Серебренниковтың «Лето» аталатын фильмінің алғашқы кадрлары жарияланды. Байопик «Кино» рок тобының негізін қалаушы Виктор Цой өмірінен сыр шертеді. Аты аңызға айналған рок-музыканттың рөлін кім сомдағаны туралы ақпарат әлі құпия күйінде сақталып отыр.
Оқиға желісі «рок, махаббат және достық туралы ертегі» мотиві бойынша түсірілген. 1981 жыл. Ленинград. Виктор Цой Алексей Рыбин, Олего Валинский есімді достарымен «Гарин и Гиперболоиды» атты топ құрады. Кейін музыкалық команда атауы «Кино» деп өзгертіледі. Осы оқиғадан кейін Цойдың әндері хитқа айналып, олардың концерттерінде стадиондар лық толатын болады. Ал, апаттан кейін ұлы рокер есімі сквер, көше, тіпті, астероидқа да беріледі. Бірақ, фильм әлі атақтың иісін де сезбеген Цойды көрсетеді. Онда Витя электричкаларда ән салып жүрген шағы сипатталған.
"Лето" фильмінің алғашқы кадрлары
Картина авторының айтуы бойынша, сюжет музыкант биографиясындағы белгісіз болып келген деректерді де жариялайды екен. Қазір картина постпродакшн деңгейінде, жоспар бойынша биылғы жылдың екінші жартысында көрермен назарына ұсынылмақ. Естеріңізге сала кетейік, жақында режиссер Алексей Учитель де Виктор Цойдың соңғы күндері туралы фильм түсіретінін хабарлаған болатын. Бір қызығы, фильмде Цойдың өзі көрсетілмейді. Оның рөлін ешкім сомдамайды. «Бұл Виктор Цойдың соңғы махаббаты туралы картина болады. Ол, ең алдымен, сезімнен сыр шертетін мелодрамалық акцентті фильм», - дейді Алексей Учитель. Режиссер музыкант өмірден өткеннен кейін «Соңғы қаһарман» атты деректі фильм түсірген болатын. Бұл картина рок музыкант фанаттары асыға күтіп жүрген екі фильмнің соңынан шығады. Біріншісі осы Кирилл Серебренниковтың туындысы болса, екіншісі «Кино» тобының гитарисі Алексей Рыбиннің фильмі.
https://massaget.kz