ТАСАДАҒЫ ТАЛАНТТАР ТАНЫЛДЫ
Ұлт мақтанышын ұлықтау – өткенге құрметпен қарау. Апта басында Қаракеткен ауылдық клубының ұйымдастыруымен Сыр өңірінен түлеп ұшып, есімі әлемге танылған сахна жұлдызы, талантты әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жалағаш ауданының “Құрметті азаматы” Батырхан Шөкеновті еске алуға арналған «Аманат – 2019» атты аудандық ән байқауы өтті.
Сахнаны "Аманат – 2018" байқауының жеңімпазы Расул Байдулла әнмен ашып, қатысушыларға шырқау шабыт берді. Одан соң сөз алған Қаракеткен ауылдық клубының кәсіпорын басшысы Жасұлан Жәрменов жастар жылы аясында өткізіліп отырған шараның маңызына тоқталып, жас талапкерлерге сәттілік тіледі.
Байқаудың мақсаты – қазақ өнерінің дамуына үлесін қосқан әнші, композитор Б.Шөкеновтің ән мұраларын, шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттап, жастардың орындаушылық шеберлігін қалыптастыру. Әр ауылдық округтен қатысқан 15-25 жас аралығындағы үміткерлер Батырхан Шөкеновтің әнінен орындап, бақтарын сынады.
Байқауға Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінің музыкалық продюссері Б.Ахметов, мәдениет және өнерді дамыту орталығының қызметкерлері Б.Боранбаев, Р.Байдулла қазылық етті. Сахнада «Құсни қорлан», «Аңыз аруы», «Твой шаги», «Қайран көңіл-ай», «Назқоңыр», «Отан Ана», «Сағым дүние», «Гүл Алматы», секілді әндер орындалғанда көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметі толастамады. Бұл халықтың өмірден ерте кеткен өнер жұлдызына, хас талантқа деген сағынышы еді.
Қазылар алқасының қорытындысымен байқаудың бас жүлдесі Жақсылық Серікболға (Шәменов ауылы) бұйырса, І орынды Қасымбай Айдана (Мәдениет ауылы) жеңіп алды. Сардан Данияр (Қаракеткен аулылы) ІІ орынды иеленсе, ІІІ орынды Алмас Айдос (Аққұм ауылы) пен Сапарбек Әйгерім (Бұқарбай батыр аулылы) өзара бөлісті. Жеңімпаздар қаржылай, заттай сыйлықтарға және Б.Шөкеновтің ән жинағына ие болды. Сонымен бірге Жастар ресурстық орталығының қолдауымен қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Қатысушылардың барлығы арнайы Дипломмен марапатталды. Байқауға Қызылорда облысының Жастар одақтары қоғамдық бірлестігі демеушілік жасады.
Қ.АДИС