ЖАСТАР "ЖАЛАҒАШТЫ" ЖЫРЛАДЫ
Жуырда Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Жалағаш ауданының 80 жылдық мерейтойы аясында Ақсу ауылдық клубының ұйымдастыруымен жергілікті ақын-сазгер Айкүміс Орынбаеваның шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау және қазақ эстрадасындағы жас таланттардың орындаушылық шеберліктерін қалыптастыру, кәсіби тұрғыдан жетілдіру мақсатында "Жалағашым" атты аудандық ән байқауы өтті.
Ережеге сәйкес байқауда 10-18 жас аралығындағы талапкерлер бақ сынады. Сол секілді қазылар алқасы тарапынан үміткерлердің орындау шеберлігімен бірге ән айту мәнері мен дауыс ырғағы, сахна мәдениеті мен киім үлгілері де назардан тыс қалмады. Барлық ауылдық округтерден қатысқан жас талапкерлер өздерінің шама-шарқына қарай бағасын алды. Негізінен А.Орынбаеваның әндерінің басым көпшілігі жергілікті ақындардың сөзіне жазылған. Сондықтан да байқауда орындалған әрбір ән тыңдарманның жүрегіне жетті десек болады. Орындаушылар мұңлы әндерді жүрек қылын шерте шырқатса, бойдағы қаныңды тулататын екпінді, рухты, патриоттық әндерді орындағанда залдағы көрермендер қосыла шырқады.
Ән кешін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Т.Доспанов ашып, байқаудың рухани маңызына тоқталды. Сондай-ақ ардагер К.Сүлейменов сөз алып, келешек қазақ өнерінің туын көтеретін жас талапкерлерге сәттілік тіледі.
Автордың әндерінің көбі лирикалық өлеңдерге жазылған. Яғни, әуені жүректі тербейді, көңіліңде көлбейді. Әсіресе, "Жүрекке жүрек тіл қатар", "Көктемді сендермен қарсы алам" секілді әндері тыңдарманын лезде баурап алады. Сонымен бірге ақын Темірше Сарыбаевтың сөзіне жазылған "Жалағашым" әні бүгінде ауданымыздың гимніне айналды десек болады. Ақынның бұл туындысы әлеуметтік желілерде де кеңінен тарап, еліміздің әр өңірінде, тіпті шет елдерде жүрген жалағаштықтардың елін, туған жерін сағынғанда тыңдайтын, тыңдап қана қоймай көзінің жасын шылап отырып қосыла шырқайтын сүйікті әніне айналып үлгерді. Міне, сондықтан да сахнаға сенім арқалап шыққан әр талапкер өздері орындайтын әнге барынша жауапкершілікпен қарауға тырысып бақты. Алайда, өнер бәсекесінде қалайда бірі талантымен мойындатып, алға шығуы тиіс.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Далдабай ауылынан келген келешегі бар жас әнші Пазыл Орныққанға бұйырды. Ал І орынды Жалағаш кентінен қатысқан Жадыра Батырханқызы иеленсе, ІІ орынды Ақсу ауылының жас әншісі Сағынтай Аруназ жеңіп алды. ІІІ орынды Еңбек ауылынан келген Көлбай Алтынай мен Таң ауылының үкілеп қосқан үміті Бақытбек Дәулетбек өзара бөлісті. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Басқа да қатысушы талапкерлерге арнайы дипломдар табысталды. Айта кетейік, бас жүлденің қаржылай сыйлығын А.Орынбаева өзі тағайындады.
Ән байқауында елімізге белгілі дәстүрлі әнші Айбек Қалыбаев және белгілі жыршы, термеші, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов арнайы қонақ болып, Сыр сүлейлерінің жыр-термелерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Қ.АХЕТОВ.