» » » Ысырапшылдыққа ынтаңыз аумасын

Ысырапшылдыққа ынтаңыз аумасын


Кешегі кеңес заманындағы балалардың жаттайтын тақпағы да, ересектердің оқитын шығармасы, тыңдайтын әндерінің дені астамшылық пен ысырапшылдық жайында еді. Оған қасіретті жылдардың азабын көп тартқан көнекөздердің зарлана айтып отыратын ақыл-кеңесін қосыңыз.
Иә, ол уақытта нанның қадірі жанның қадірінен артық болмаса, кем болмайтын. Мұны аға буын ұрпақ жақсы біледі. Бізге де ес білгеннен әке-шешеміз ас атасы саналатын нанның қадір-қасиетін құлағымызға құйып, ысырап етпеуді айтып өсірді. Мектеп табалдырығынан аттағаннан бастап ұстаздарымыз нанның алғашқы шикізаты – бидайды егістік алқапта маңдай термен өсіріп, піскенде өнімін орып алып, одан соң қырманға кептіріп, астық зауытына апарып тазалап, диірменге тартып, ұн етіп, одан соң наубайханаға жеткізіп, дайын өнімнің халыққа таратылатынына дейін тәптіштеп түсіндіріп айтып беретін-ді. Ол аз десеңіз, осы ас атасы жайында неше алуан аңыз-ертегілер, тақпақ, өлеңдер жаттататын.
"Нан қиқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар", – деген бір шумақ тақпақты кез келген бала таңдайы тақылдап жатқа айтып беретін. Ал ақындарымыз нанға тұтас поэма арнап, жазушыларымыздың романдарына да осы қасиетті тағам арқау болды. Көшеде келе жатқан үлкен кісілер шашылған нанның қиқымын көрсе, әлдебіреулерді сөге жүріп, еңкейіп теріп жүретін. Әке-шешеміз «ас жүрген жерде ауру жүрмейді» дегенді жиі айтып, астың обалы мен киепеті болатынын есімізге үнемі салып отыратын.
Бүгінде барлығы керісінше. Жаңа медицина ұн өнімдерінің семіздік ауруларына шалдықтыратынын дәлелдеп дабыл қағып, шамадан тыс пайдалануға шектеу қойды. Тіпті кейбір отбасылар Еуропа халықтарына еліктеп, күнделікті дастархан мәзірінен нанды мүлдем алып тастады. Шет елдерде халық көшеде ұннан дайындалған тағамдарды аяқпен таптап жатқанын теледидардан көріп аң-таң болғаным бар. Байыбына барсам, бұл келеңсіз көрініс семіздікке қарсы ұйымдастырылған наразылық акциясы екен. Сол есалаңдарға ерген біздің жастарымыз да аталған акцияны елімізде өткізбесіне кім кепіл? Бірақ, мұсылман баласы мұндай әңгүдік әрекетке бара қоймас деп үміттенеміз. Өйткені, шариғатта қандай ас-ауқатты да шамадан тыс тоя жеуге болмайтыны айтылады ғой...
Бүгінде балабақша бүлдіршіндеріне тіпті мектеп оқушыларының өзіне мұғалімдер тарапынан осы ас атасының қасиеті жайында айтылмайтын секілді. Бұған дәлел іздеудің керегі жоқ. Көшедегі жылдам дайындалатын тағамдарды (fast food өнімдері) кез-келген жерде жеп отыратын (көшеде жүріп, отырып ас ішу де бізге беріде сол Еуропадан енген жаман әдет) жастарымыз қолдарындағы нан өнімдерінің қалдығын, тіпті кейде бүтін күйінше тұрған жеріне лақтырып тастап кете беретіні осы сөзіміздің айғағы. Сорақысы сол, бүгінде көшеде нанның қиқымы емес, бүтіндей бөлкесі жатса да балалар тұрмақ, ересектердің өзі еңкейіп көтеруге ерінетін болды. Сондай-ақ, қазірде көше бойындағы қоқыс жәшіктерінен бір бүйірі ғана көгерген нанның неше атасын көруге болады. Бәлкім бұл еліміздегі тыныштық пен тоқшылықтың, ас та, төк кеңшілік заманның көрінісі болар. Алайда ит басына іркіт төгілген коммунизм кезеңінде де мұндай арсыз астамшылық пен кергіген кесапаттық болған жоқ еді ғой. Осындайда кешегі қазақты қынадай қырған ашаршылықты бастарынан өткізген тәубәшіл бабаларымыздың «Бір тоқтықтың, бір аштығы болады" дегені еске түседі. Иә, Алла адамзатты енді аштықтан сақтасын. Бірақ бүгінде нанның нарықтағы бағасы жоғары болса да, қалыптағы бағасының төмендеуі мен адамдардың астамшылығының асқынуы қорқыныш тудырып тұр.
Халқымыздың «нан ұрсын» деген қаһарлы қарғысы мен осы сөзді айтып ант ішуі, әрісі қажеттілік туындағанда қасиетті құран кітабын аяқтың астына қойып, қол жетпейтін жердегі нанды алуға рұқсат етілгені де бұл тағамның адамзат тіршілігіндегі маңыздылығын айқындап тұр емес пе?! Ал бүгінгі көрініс тоғышарлықтың, тойынғандықтың белгісі ме, әлде кешегі қоңыз теріп кеткен жылдардың қасіретін естен шығарғанымыз ба? Мың асқанға, бір тосқынның, әр кемелге бір зауалдың болатыны анық...

Қ.ЖАНАЙ

17 қыркүйек 2019 ж. 862 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930