Сиқырлы әлемнің сырлары
Бейнелеу – өнер атаулының ішіндегі ең бекзадасы. Қылқалам шеберлерінің жаны нәзік, сезімтал келеді. Олар қоршаған ортадағы былайғы жұрттың көзіне түсіп, көңіліне іліне бермейтін өмірдің кейбір қалтарысты қас-қағым сәттерін, табиғат құбылыстарын бұрын байқайды және куә болған көріністерін өз қиялдарындағы қилы бояумен әсірелеп ғаламат туындыға айналдырады. ол туынды ғасырлар бойы адамзаттың эстетикалық талғамын, таным-түсінігін қалыптастыруға үлкен үлес қосары сөзсіз.
Ауданда бейнелеу өнерінің шеберлері көп. Әр қайсысының шығармашылығын бөліп-жарып қарауға болмайды, өзіндік бояуларымен ерекшеленеді, стиль алуандығымен құнды. Солардың ішінде жас суретші Ерболат Жапақовтың шығармашылығын ерекше атап өтуге болады. Ерболат Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін сызу-бейнелеу бөлімі бойынша тәмамдаған. 2009 жылдан бастап аудан орталығындағы өзі білім алған З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте мамандығы бойынша абыройлы қызмет етіп келеді.
Кейіпкеріміз бейнелеу өнерінің графика, живопись, натюрморт, портрет, пейзаж, мүсін, сәндік қолданбалы өнер, сәулет өнері, мозайка секілді барлық жанрларына көп мән береді. Өзінің айтуынша, осылардың ішінде барельеф жанры кенжелеп қалған сыңайлы. Сондықтан бейнелеу өнерінің осы аталған жанрын кеңінен насихаттауды қолға алыпты. Мектепішілік көрмелер өткізіп, оқушыларына да үйретіп келеді.
– Барельеф – бедерлі мүсіннің бір түрі. Француз тілінен сөзбе-сөз аударғанда "аласа бедер" деген мағына береді. Ауқымды кескін, техникалық негіз әрі фон болып табылатын тегіс бетке салынады. Кескін композициясы негіздің тұтастығын сақтай отырып, оның жарты қалыңдығындай мөлшерде шығыңқы тұрады. Барельефтің кескіндік және өрнектік түрлері де болады. Ол сәулет құрылыстарында, безендіру туындыларында, ескерткіштердің тұғырында, ұстын, мемориалдық тақталарда, медальдар мен металл валюталарда, глиптикада, яғни тастан қашалған бұйымдарда қолданылады. Сондай-ақ өз алдына жеке өнер туындысы ретінде де кездеседі. Міне, мен осы барельеф жанры бойынша жұмыс жасаймын. Өнердің қай түрі де адамға ләззат сыйлайды. Алайда көрген көзге ерекше әсер беретін осы бедерлеп бейнелеу өзімнің жаныма жақын. Ең бастысы, барельеф оқушылардың да қызығушылығын оятты. Ал өнерге жақын, оның құпия сырларын, тылсым құдіретін сезініп, бойына сіңіріп өскен баланың ешуақытта жүрегі қатаймайды, теріс жолға түспейді, – дейді өнер иесі.
Өнер – қанмен даритын қасиет. Ерболаттың әкесі Жапақов Бектас ағамыз ұзақ жылдар білім саласында табанды еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Ауданымызға белгілі суретші. Ол кісінің тәрбиелеген шәкірттері бүгінде аймаққа белгілі қылқалам шеберлері. Ерболат Жапақов та өзінің өнердегі алғашқы ұстазы әкесі екенін айтады.
– Менің бойымдағы бұл өнер әке қанымен, ана сүтімен дарыған шығар. Өйткені бала күнімнен әкемнің қатал тәрбиесін алумен қатар, ол кісінің өнер жолын да өзіме үлгі тұтып, ықыласпен үйрендім. Әкем де мені өнерге баулудан, оның қыр-сырын үйретуден ешқашан жалыққан емес. Ол кісі ең алдымен ұстаз. Сондықтан мен де мейілінше әкемнің, ұстазымның үмітін ақтауға тырыстым, – дейді Е.Жапақов.
Иә, бүгінде Ерболаттың өзі де ұстаз, шәкірт тәрбиелеп келеді. Жетістіктері де жоқ емес. Жуырда ғана бір шәкірті аудандық "Бояулар құпиясы" тақырыбында өткен сурет көрмесінен көп талапкердің арасынан топ жарып, жүлделі орын иеленді. Ұстаз үшін, соның ішінде өнер адамы үшін шығармашылығының өрлеуі мен шәкірттерінің жетістіктерін көруден асқан бақыт жоқ.
Қуат АДИС