Ең мөлдір әлем – балалар әлемі
Бала – адамның бауыр еті. Жер бетінде балаға мейіріммен қарайтын екі ұлт болса, соның бірі – қазақ. Содан да халқымыз баланы өзінің ішкі ағзасындағы ең аяулы мүшесіне теңепті. Аңдасаңыз, бұл сөз тәрбиеден бұрын балаға ең алдымен ата-ананың мейірімі керек екенін меңзеп тұр. Батыстың баз бір елдерінде көшеде келе жатқан ата-ананың жетегіндегі бала сүрініп жығылса, олар біз секілді жаны ышқынып, айналып-толғанып, өбектеп жүріп жерден көтеріп алмайды екен. Баласы қашан өз бойын тіктеп орнынан тұрғанша күтіп, баласының сол сәттегі қиын жағдайдан қалай шығатынын және оның сол мақсаттағы барлық қимыл-әрекеттерін сырттай бақылап тұратын көрінеді. Қаталдық па әлде жанашырлық па? Меніңше, бұл ата-ананың мейірімі.
Кейде қаталдықтың астарынан да мейірім іздеуге болады. Қазақта «Балаңды аясаң, аяма» деген сөз бар. Демек, баланың болашағын ойлайтын ата-ана оларды қаз басқан кезінен-ақ кедергіге кез болғанда демеу көрсетпей, өз бетінше жол табуға мүмкіндік жасайды екен. Одан соң еңбекке жарайтын жасқа жеткенде түздің тіршілігіне жұмсау арқылы ширатып, төзімділікке үйретеді, өмірдің сынағынан сынып кететіндей күйрек болмау үшін шыдамын шыңдайды. Бұл – есейгенде үлкен өмірге бейімсіз, тірлікке икемсіз, қандай жұмысқа да орашолақ, жалқау, жатыпішер, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын жалтақ, жасық жастар қайдан шығады деген сауалға жауап. Әсіресе қазір жаратылысы гүлден нәзік, еңкейіп еңбек етпейтін болмысы бордай бос ер балалардың қатары көбейіп келеді. Ал бұл жағдайды психологтар ата-ананың балаға деген шектен тыс қамқорлығының нәтижесі деген уәжімен түсіндіреді.
Сонымен бала тәрбиесіне ата-ана мейірімі қаншалықты қажет? «Балаңды аясаң, аяма» дегенді қазақ баласына деген ата-аналық махаббатының толымсыздығынан айтқан жоқ еді. Керісінше, әкелеріміз бізді қату қабағымен тәрбиелеп, жұмсақ жүрегімен жақсы көрді. Аналарымыз екібастан «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» деп баласының амандығы жолында жанының құрбан екенін білдірді. Иә бұдан артық қандай мейірім керек дейміз ғой. Ал енді осы мейіріммен қоса дұрыс бағытта орнықты тәрбие берілсе, біз тек өз баламызды ғана емес, еліне тұтқа болар тұлғаны қалыптастырып шығарған болар едік.
Бала – әке мен шешенің көлеңкесі. Олар солардың істегенін ғана қайталайды. Сондықтан Шығыс халқы «Балаңа айтпа, көрсет» дейді. Әке-шешенің сөзі мен ісінде үйлесім болмаса, баланың болашағынан үміт күтпей-ақ қоюға болады. Айтпағымыз, ата-ананың шектен шыққан қамқорлығы мен шарасынан меймілдеп төгілген мейрімі баланы тек шолжаң, сотқар етіп өсіріп, тіпті есейген кезінде де нағыз басбұзар есерлікке алып келуі кәдік. Бұны бұрынғы ата-бабаларымыз да ескертіпті. Ер баласын алты жасында ашамайға отырғызып, оған текке бәсіреге тай атаған жоқ еді. Баласын ақыл кірген алты жасында-ақ шаруаға бейімдеу үшін оған меншігіне тиген бәсіре малын күтіп-баптау жауапкершілігін жүктеді. Ал үкідей үлпілдетіп төрінде мәпелеп ұстаған қыз балаға деген әке-шешенің мейрімі мен махаббаты алабөтен болды және қыз бала тәрбиесі отбасынан емес, бесіктен де емес, құрсақтан бастау алатын еді. Еміренгенін тек маңдайынан иіскеп, шашынан сипап аялаумен ғана білдірген ата-ана қыздарының бойына ісмерлік арқылы тәлім-тәрбие дарытты.
Бүгін біз мейірім мен қамқорлықтың орнын шатастырып алдық. Кейбір ата-аналар балаларын тек қатарынан қалдырмай өсіріп, материалдық тұрғыдан ғана қамтамасыз етуді мақсат тұтады және соны ең басты ата-аналық парызы санайды. Бір қарағанда дұрыс секілді. Өмірге ұрпақ әкелген соң оны бағып-қағу міндеті ата-ананың жауапкершілігінде. Бірақ, тағы да сол қамқорлықпен ғана шектелеміз. «Әлі кішкентай ғой», «жалғыз бала ғой», «есейген соң өзі-ақ үйренеді» деп жетпіс желеу, сексен сылтаумен баланы өмірдің барлық қиындықтарынан қорғап өсіреміз. Жастайынан еш қиындық көрмеген бала есейген кезде де өмірдің сынағымен күресе алмайтын боркемік болатыны басы ашық мәселе.
Құлағының түбіндегі ұялы телефоннан ән тыңдап жатып ұйықтап үйренген бесіктегі бала жай күндері шар ете қалса, қолымыздағы телефонды құлағына тоса қоямыз немесе қолына ұстата саламыз. Бала түгіл, ересек адамдардың денсаулығына кері әсері бар, белгілі уақыттан артық пайдалансаң адам ағзасында қауіпті аурулар тудыратын телефон қоңырауынан келетін зиянды толқынды айтпағанда, даңғырлаған дауысының өзі жас сәбидің құлағының әлі дұрыс жетілмеген дабыл жарғағын жарып жіберуге қауқарлы. Соны біле тұра өз құлағымыздың тыныштығы үшін баланың құлағын «құрбан» етеміз. Бесік жырын жас ана тұрмақ қазірде әжелеріміздің көбі білмейді. Бұл балаға жанымыз ашығандық па әлде өз жанымыздың тыныштығын ойлағанымыз ба? Әрине, екіншісі. «Ахирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің». Бізге қазір Абайдың өзі болмаса, сөзі өтпей тұр. Әйтпесе, бесіктен белі енді шықса да ата-анасын тыңдамай, әр қуысқа кіріп алып телефон шұқылап отыратын қыңыр-қисық баланың саны көбейер ме еді?! Баланы бақылаусыз қалдырып, кітапқа емес, телефонға телміртіп қояр ма едік?! Елімізде кей жағдайларда балалар құқығы қорғалмайтыны және өзіміз де оған енжар қарайтынымыз жасырын емес. Бұл тақырыпты да жаза-жаза жауыр қылдық.
Ең мөлдір әлем – балалардың әлемі. Сондықтан шектен тыс қамқор боламыз деп немесе қату қабақпен тәрбиелейміз деп балалардың кіршіксіз әлемін кірлетіп алмайық.
Қуат АДИС