» » » ДОМБЫРА ШАНАҒЫНДА ЕСІЛГЕН ЖЫР – ТАРИХЫ ТАҒЫЛЫМ БОЛҒАН ЕСІЛ МЕН СЫР

ДОМБЫРА ШАНАҒЫНДА ЕСІЛГЕН ЖЫР – ТАРИХЫ ТАҒЫЛЫМ БОЛҒАН ЕСІЛ МЕН СЫР


Кеше Қызылорда қаласында, Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрында облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған  «Астана – биік төрім, Қызылорда – туған жерім» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Оған елімізге танымал ұлт өнерінің ­өрен жүйріктері қатысты.

«Рухани жаңғыру» аясында өткізілген айтыс Астананың – 20, Қызылорданың 200 жылдығына арналды.
Айтыстың беташарында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев барша жұртты қос шаһардың мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі. Алаштың анасы атанған Сыр тарихына ой жіберген аймақ басшысы қазақ халқының бетбұрысты кезеңдеріндегі Қызылорданың алар орны ерекше екеніне тоқталды. Астанаға қарап бой түзеген туған қаламыздың сол жағалаудан бой көтеріп келе жатқан сыңары жаңа шаһарға айналып, биылғы күзде алғашқы шағын ауданының тұсауы кесілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, облыс басшысы қазақтың жауһары, тәуелсіздігіміздің тұғыры болған Астананың мән-мағынасын маржандай тізілген сөздермен  ашып жеткізді.
«Еділден айырылған қазақ Есілден де айырылардай болып тұрған елең-алаң кезеңде Елбасының батылдығымен, кемеңгер шешімімен Еуразия төрінде, Сарыарқа төсінде заманауи Астана бой көтерді.
Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру  қазақтың өз билігі өз қолына тиген соң ұлттың болмыс-бітімін сақтап, болашағын баянды ету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл қадамның дұрыстығын қазір қай қырынан алып қарасақ та уақыт дәлелдеді. Құла даладан құбылаға бет түзеген, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандырған Елордамыз Тәуелсіздігіміздің тұғырына, экономикамыздың тірегіне, әлем елдері бас қосатын достық мекеніне айналды». Ата-бабаның аттың жалында, түйенің қомында жүріп қорғаған кең-байтақ жерімізді сақтап қалудағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігін қазақ қоғамы енді ғана түсіне бастағандай», – деді аймақ басшысы.
Жақсы ойларды маңғыстаулық ақын, айтыс өнерінің ақтаңгері Мэлс Қосымбаев жырмен әдіптеп, сырбойылықтарға арнау жолдады.
Айтыстың жүргізушісі, әйгілі сөз жүйрігі Аманжол Әлтаев бұл айтыстың басқа айтыстан өзгерек екенін айтып, көрермен арасынан екі кісіні шақырып, жеребе алдырды. Ақындар осылайша аяқасты жұптасып айтысты.
Сөз сайысының шеберлері Есіл мен Сырдың, Астана мен Қызылорданың тарихын да, табиғатын да тіл кестесімен өрнектей білді. Елдің бірлік пен берекесін жырға қосты. «Айтыскерлер келісіп, дайындалып, жаттанды өлең айтады» деген қисынсыз пікірлерді жоққа шығарып, қиыннан жол таба білетін суырыпсалмалықтарын дәлелдеді.


«Көрермен жалықпаса жырлатудан, 
Ақындар жалықпайды тыңдатудан.
Тауы жоқ болса-дағы Қызылорда,
Болмысы тау секілді тұлға туған.
Алыптардың барлығы Сырда туған» – деген секілді мадақ та арналды.
Ал, екі рет «Алтын домбыра» сыйлығын алған Сырдың сыр сандығы Мұқтар Ниязов болса:
«Дарияның ар жағында бұрындары,
Жайылатын ауылдың қозы-лағы.
Ол кезді бәріңіз де білесіздер,
Жағдайымыз шамалы қожырады.
Енді, міне, мақтанып айта аламын,
Қарт қалам өсіп жатыр қазыналы.
Ағайын айтқызбай-ақ сөз ұғады.
Тірлігі оңға басқан өңірлердің,
Қаласы солға қарай созылады» – деп Есіл мен Сырдың сол жағалауын меңзеп, қанат жайып келе жатқан туған қаламызды бедерлі теңеумен бейнеледі.
Жалпы, айтыс көрерменге рухани күш, жантынысты демалыс сыйлай алды.
Айтыстың бас бәйгесін жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан иемденді. 1-орынды қарағандылық М.Аханов, 2-орынды алматылық Р.Қайыртай олжаласа, 3-орынды жерлесіміз М.Ниязов,  павлодарлық Қ.Нұрқанат және семейлік Ә.Ережеқызы өзара бөлісті.
Айтысқа Жүрсін Ерман, Нұртөре Жүсіп, Ғалым Жайлыбай, Мэлс Қосымбаев, Серік Ыдырысов, Оңталап Нұрмаханов сынды қазақ руханиятының байрағын биік ұстаған ақын-жазушылар қазылық жасады.

 Д.АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».

22 ақпан 2018 ж. 1 378 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930